Алматыдағы неміс драма театры Өзбекстан, Германия және Ресей елдеріне гастрольдік сапармен аттанбақ. Бұл – ТМД елдеріндегі жалғыз неміс театры. Труппада бірнеше ұлт өкілдері еңбек етеді. Әрі бұл ұжым барлық спектакльді автордың ана тілінде қояды. Бүгінде театрдың репертуарында неміс, қазақ және орыс драматургтерінің классикалық және заманауи шығармалары бар.

Юлия Тейфель кез келген кейіпкердің бейнесін тез игеріп әкететіні соншалық, дайындық сәтін көргеннің өзінде нағыз спектальге келгендей күй кешеді. Бұл театрға Юлия алғаш Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүрген кезінде келген. Қойылымды неміс тілінде көрген ол бірден осында қалуды жөн көреді.

ЮЛИЯ ТЕЙФЕЛЬ, НЕМІС ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ:

 - Менің негізгі мамандығым – музыкант. Оқып жүрген кезімізде немістің әлемге әйгілі музыканттары Бетховен, Бахтың туындыларын жаттап өстік. Қала берді Гете мен Шиллердің, кейінгілерден Ремарктың шығармаларын оқыдық. Осының барлығы менің неміс театрына келуіме түрткі болды.

Неғұрлым көп тіл білсең, соғұрлым көп роль аласың. Театрдың ережесі осындай. Өйткені «неміс театрында» қойылатын спектакльдер автордың ана тілінде сахналанады. Тек Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз» пьесасын Алматыдағы Гете институты неміс тіліне аударған.

НАТАША ДУБС, НЕМІС ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ЖӘНЕ РЕЖИССЕРІ:

 - Өткен жылы осы спектакльмен Еуропа елдерін аралап қайттық. Бес мемлекеттің астанасында болдық. Қазақ халқының мәдениетімен таныстырдық. Яғни біз Әуезовті басқаша көзқараспен, өзге тілде сөйлеттік. Көрерменге қызықты болды деп ойлаймын.

Шетелге сапары барысында театр ұжымы тек премьералық қойылымдар ғана ұсынатындарын айтады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер