Қазақстандық жас таланттардың Украинадағы жеңісі

Қазақстандық дарынды балалар Киевте өткен халықаралық ән байқауында топ жарды. «Жас Еуропа» атты байқауға Украина, Италия, Польша, Сербия, Хорватия, Перу, Оңтүстік Корея, Израиль және Қазақстаннан барлығы 75 жас  дарын қатысты. Осымен он бірінші рет ұйымдастырылған ән бәйгесінде қазақ қыздарының өнері мен ұлттық киімі көрермен көзайымына айналып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

ЖІБЕК ЕЛТАЙ, «ЖАС ЕУРОПА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘН БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ:

 - Негізгі көйлегім барлығына өте әдемі көрінді. Өйткені біз мұны тіктірткен кезде адамның көзіне тез түсетіндей, әдемі көрінетін етіп жасадық. Көбісі қай жерден және қалай тіктірттің деп сұрап, таңғалады. Мен «Туған жер» деп аталатын әнді орындадым, ән көрерменге өте қатты ұнады.

ТАТЬЯНА АПАНАСЕНКО, «ЖАС ЕУРОПА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘН БАЙҚАУЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазылар мүшесі әлемнің 8 елінен іріктелді. Әлбетте, Украина тарапының өкілдері байқауға белсенді қатысты. Қазақстанның атынан өнер көрсеткен жас өнерпаздардың өнерлері жоғары бағаланып, балалардың барлығы жүлдегер атанды. Қазақ балаларының дауысы, сахна киімдері және ән салу өнері жоғары бағаланды.

Ән байқауы «авторлық», «ұлттық» және «эстрадалық ән» және «әлемдік хит» деп аталған 5 аталым бойынша ұйымдастырылды. Қазақстандық жас таланттар биыл байқауға тұңғыш рет қатысып отыр. Бұл Жібек, Саяжан мен Айғанымның шетелге тұңғыш рет шығулары екен. Қыздар соған қарамастан қобалжуларын жеңіп, топ жарып шыққандарына қуанышты.