Тәуелсіз Қазақстан тарихында 17 жасында мәдениет қайраткері атанған Рахат-Би Әбдісағын Шанхай ынтымықтастық ұйымының штаб-пәтерінде концерт берді. Композитор, пианист және халықаралық байқаулардың жеңімпазы «9 сиқырлы нота» жобасының VII кешін өткізді. «Қазақ Моцарты» атанған бірегей дарын иесінің өнеріне «Шанхай сегіздігі» елдерінің сыртқы істер министрлері, елшілер тәнті болды.

ВАН КАЙВЭНЬ, ШЫҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

 - Қазақстандық жас өнерпаз бізге ұмытылмас кеш сыйлады. Керемет әсер алдым. Орындау шеберлігіне барлығымыз тәнті болдық. Бұған дейін де ШЫҰ мүше елдерден 6 өнерпаз концерт қойып, осындай кештің куәсі болған едік.

Рахат-Би әлем классикасы шедеврлерімен бірге өзінің авторлық туындыларын да орындады. Жас композитордың шығармаларын қазір Еуропа, Азия және Американың әйгілі әншілері, камералық ансабльдері мен симфониялық оркестрлері орындайды. Осы кеште Рахат-Бидің «Жыл құсының зары» атты туындысы көрерменге ерекше әсер қалдырды.

РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒЫН, «ДАРЫН» МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

 - Мен ШЫҰ штаб-пәтерінде өнер көрсеткеніме өте разымын. Бір жағынан бұл үлкен құрмет пен жауапкершілік, екінші жағынан мен үшін тыңдарманның қошеметіне бөлену үлкен қуаныш. Әлемдік классиктердің шығармаларын орындап, Шопен, Шуберт және Лист заманына оралғандай болдым. Ол кезде дәл осындай музыкалық кештер кең таралған еді.

Осылайша Рахат-Би Әбдісағын ШЫҰ-ның достық рухын асқақтатқан «ең жас» композитор деген тағы бір атақты иеленді. Ал, «9 сиқырлы нота» жобасы аяқталған соң «Шанхай сегіздігі» елдерінің өнерпаздары қатысатын гала-коцерт өткізіледі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер