Әміре әндерінің тағдыры әлі де жұмбақ

Париж аспанын әнге бөлеген Әміре. Қазақ бұлбұлының Парижде көрсеткен өнері туралы тың деректер табылды. 1925 жылы Дүниежүзілік сәндік өнер көрмесіне келген Кеңес Одағы мәдени делегациясының құрамында көрнекті қазақ әншісі Әміре Қашаубаев та болды. Ол «Балқадиша», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Қараторғай», «Жалғыз арша» секілді халық әндерін домбырамен шырқаған. Артистер Парижде жалпы 11 концерт берген екен. Қазақ музыкатанушысы Жарқын Шәкәрім «Париж апталығы» атты газеті шілде айында Әміренің өнері жайлы жазғанын атап өтеді. Ол Париждің IX округінде, Лувр мен Монмартрдың ортасында орналасқан Сен Жорж драма театрында өнер көрсеткен.

АСҚАР ӘБДІРАХМАНОВ, ЮНЕСКО ЖАНЫНДАҒЫ ҚР ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бірінші жаналық – Әміре Қашаубаевтың Париж сахнасында ән шырқаған мекен-жайды табуымыз. Екінші жаналық – тамаша француз композиторы және музыка сыншысы Пол Ле Флемнің рецензиясың таптық. Бұл рецензияда атақты композитор Әміре Қашаубаевтың шығармашылық шеберлігіне өте жоғары баға берілген.

Франция Ұлттық кітапханасында ескі газеттердің барлығы «цифрлық» жүйеге ауыстырылған. Осының арқасында Асқар Әбдірахманов 1925 жылғы «Париж апталығы» басылымынан ЭКСПО аясында өткен мәдени іс-шаралар жайлы хабарландыруды тауып алды. Кітапханашы Кеңес Одағынан келген артистердің концерті жайында «Comoedia» газеті де жазуы мүмкін деген ойымен бөлісті. Бұл басылымның осы аттас концерт залы да бар болып шықты. Ал «Париж апталығының» шілде айындағы соңғы нөмірінен бұған дейін зерттеуші Жарқын Шәкәрімнің еңбектерінде жарияланған мақала да табылды.

АСҚАР ӘБДІРАХМАНОВ, ЮНЕСКО ЖАНЫНДАҒЫ ҚР ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Францияның Ұлттық кітапханасына барған кезде, әрине тың деректер іздеу мақсаты болған. Дегенмен осы деректерге қол жеткізген сәтте қазақ халқының өнері әлемге танылған сәттерден жаңа мағлұматты халқымызбен бөлісу мүмкіндігіне ие болғанымызға қуандық.

Парижде таспаға жазылған Әміре әндерінің тағдыры да жұмбақ. Сол кезде «Сорбонна» университетінің профессоры Юбер Перно Әміренің орындауында жеті әнді жазып алғаны белгілі. Жарқын Шәкәрім Қашаубаевтың дауысы жазылған жазбаны 1974 жылы Мәскеуден тапқан болатын. Алайда ол Әміренің Париждегі жетістігінен кейін 2 жылдан соң жазып алынған екен. Дегенмен қазақ бұлбұлының Еуропа төріндегі триумфына қатысты тың деректер табылар деген үміт зор.