Қазақстан халқы бірлігі күніне ерекше тарту. Арқа төріндегі «Бәйтерек» монументінің түбінде ұлттық өнер салтанат құрып, дәстүрлі саз сарындарынан шашу шашылды. Мерекеге орай қазақтың қара домбырасын серік еткен  өнерлі өрендер «Ұлы дала үні» атты флешмоб ұйымдастырды. Игі шараға жаппай ат салысқан 500 дарын иесі бір мезгілде ұлттық аспапты қолға алып көпшілікке рух берер күй өнерінің құдіретін барынша танытты. Елорданың өнер ошақтарының тәлімгерлері мен қала тұрғындарының арасындағы әуесқой орындаушылардан құралған оркестр Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын» және «Адай» күйлерін шертті. Сондай-ақ танымал отандық сазгер Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке Сылқым» туындысы нақышына келтіріліп орындалды. Бұдан бөлек күй тартыс, айтыс, дәстүрлі және патриоттық рухтағы әндер мереке көркін қыздырды.

ЖАҢАРҒАН ҚАРАБАЛА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

- Домбырашылар флешмобының мақсаты – мәдени мұраларымызды, ұлттық құндылықтарымызды кең көлемде насихаттау, сонымен қатар еліміздің жастарының патриоттық сезімін ояту, ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Дәл осындай флешмоб 1 шілдеде Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен Елорданың 20 жылдығына орайластырылған «Домбыра – думан» атты ауқымды шара барысында да ұйымдастырылатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер