«Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы». Осындай атаумен Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында алғаш рет республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті. Қазақстанда қызғалдақтың 32 түрі кездессе, оның 12-сі тек қазақ даласында ғана өсетін түр болып саналады екен. ХІХ ғасырда шетелдік саяхатшылар қарт Қаратау мен ақ басты Алатау, киелі Қазығұрт, Түлкібас, Ақсу-Жабағылы, Шұбайқызыл шоқысында өсетін қызғалдақ түрлерін Грейг, Кайфман қызғалдағы деп атап, олар әлемдік ғылымға солай еніп кеткен. «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» фестивалінің мақсаты да сол – елдің есінен, жұрттың жадысынан өше бастаған Шұбайқызыл шоқысының тарихи атауын қайта жаңғыртып, жас ұрпақтың санасына сіңіру.

МАРХАБАТ БАЙҒҰТ, ОҚО ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ, ЖАЗУШЫ:

 - Бізді ағайларымыз Абай мектебінен осында экскурсияға әкелетін. Сонда айтатын «бұл шұбайқызыл, шұбай деген сөз, шұбай өрістеген, шұбай өрген деген сөз. Жаппай қызыл, шымқай деген» деп. Мына Шұбайқызы деген әулие төбе. Мынау Түркібасы балалар, осыны ұмытпаңдар. Қазір Шұбайқызыл «красная горка» болып кетті» деп айтатын.

Шұбайқызыл шоқысы 60 гектар жерді алып жатыр. Бұрын бұдан да үлкен болыпты. Жылдан жылға егіс алқаптары қысып, тарылтып жіберген. Енді мемлекет қарауына алынбақ.

КЕЛЕСБЕК ЖАРТЫБАЕВ, МАЙЛЫКЕНТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

 - «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне берілейін деп жатыр. Енді бұл жер әр кез мемлекет қамқорлығында болады. Елден-елге, ұрпақтан-ұрпаққа кететін болады. Мына қызғалдақтар бұдан да ары өсіп-өркендейді.

Фестиваль аясында «Текті төрім – Түлкібасы» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Қызғалдақты жырына арқау еткен жас ақындар мен жас суретшілердің арасында жарияланған байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Жас ақын Әлімжан Әлішер «Гүл сатамын» өлеңімен байқау жеңімпазы атанды.

ӘЛІМЖАН ӘЛІШЕР, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Осы байқауға қатысып жатқаныма бірнеше жыл болды. Тек мүшәйраға ғана емес, фестивальге де қатыстым. Сол арқылы осы жердің табиғатын, көркемдігін, гүлін біліп, таңғалып жатырмыз.

Сондай-ақ іс-шара барысында жұрт назарына қылқалам шеберлері мен фотосуретшілердің көрмесі ұсынылды. Айта кетейік, байқау «Туған жер» бағдарламасына негізделген. Оған аймақ басшылары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және туристтік компаниялар мен шетелдік қонақтар қатысты. Жалпы Шұбайқызыл шоқысындағы байқауды 2 мыңға жуық адам тамашалады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер