Қазақтың ғасырлар қойнауынан сыр шертетін шежірелі «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры бұл жолы өзгеше түрленді. Алтын қорға енген ұлттық жауһар жаңа кейіпке еніп, этно-фольклорлық мюзиклға айналды. Жаңаша сипаттағы қойылымда музыкалық әрлеуі басқа болғанымен, композитор Евгений Брусиловскийдің шығармаға арнайы жазған дәстүрлі әуендері де орындалды. Қос ғашықтың жүрек тебірентер сезімі арқылы халқымыздың  құндылықтары дәріптелетін қойылымның режисері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

НӘЗЕРКЕ СЕРІКБОЛОВА, ТЕАТР АКТРИСАСЫ:

 - Маған Қыз Жібек бейнесін сомдау бақыты бұйырды. Сұлулық пен ұлттық әйел обрызының нышанына айналған рөлді орындау – кез келген актрисаның арманы. Мен вокал және хореография бойынша біраз жаттықтым. Билеумен қатар ән айту қажет. Арияларды жоғары дауыспен айту керек. Үнемі қозғалыста боласың. Бұл мюзикл жанрының мызғымас талабы. Бұл жолғы туынды дәстүрлі мәнерінен сәл алшақтап,  этно-фольклорлы рок стилінде қойылды.

ШЕХНАЗА ҚЫЗЫХАНОВА, ТЕАТР АКТРИСАСЫ:

– Менің сахнадағы кейіпкерімнің есімі Дүрия. Ол Жібектің жақын құрбысы. Негізінен екінші планда ойнайтын қыз біздің мюзиклда басты рөлдердің бірін сомдайды. Барлық сахналық көріністердің ұйымдастырушысы деп айтуға болады. Ол өте батыл, өзіне сенімді оттай жалындаған қыз. Нәжік жанды Жібектен осы ер мінездігімен ерекшеленеді.

Қойылым жаңа сипат алғанымен, түпнұсқалы мазмұны мен мән-мағынасы бәз-баяғы қалпында сақталған. Мәңгілік махаббат тақырыбы арқылы ұлттық болмыс пен бабалардың тұрмыстық салты насихатталады. Жастар театрының сахна саңлақтарының шебер ойны көрерменге өткеннен сыр шертіп, сол кезеңге еріксіз елітіп жетелей білді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер