Қарағанды облысында ұлттық саз аспаптарында ойнайтын өнерпаздардың байқауы өтті

Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында ұлттық саз аспаптарында ойнайтын өнерпаздардың байқауы өтті. Үшінші рет ұйымдастырылған шараға 14 облыстан 40-қа жуық үміткер қатысты.

Алматылық Мақпал Манасбаева – аталмыш байқаудың алғашқы жеңімпазы. Бұл жолы оның шәкірті бағын сынамақ. Дайындаған шығармасы – Ықыластың күйі «Ерден».

МАҚПАЛ МАНАСБАЕВА, ҚОБЫЗШЫ:

 - Бұл енді ең бір мықты республикалық байқау деп айта аламын. Себебі бұған ұстаздар, әр жақтың солистері, оқушылар да келеді. Бір-бірінен көп нәрсені үйренеді. Сондықтан біз де бір үлкен үмітпен келдік.

Бұл байқау екі жыл бойы тек қыл қобыздан өтіп келсе, биыл ауқымы кеңейіп, шарттары өзгерді, саз сырнай, сыбызғы, жетіген аспаптары енгізілді. Енді еліміздің әр түкпірінен жиналған өнерпаздар екі күн бойы халық композиторларының шығармаларын орындап, шеберліктерін көрсетеді. 

ЕРМҰРАТ ҮСЕНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Конкурстың шарттарын жылдан жылға кеңейтіп, қызықтырақ етіп жатыр. Биыл да сондай екі кезеңнен өтетін конкурсты өте қызықты етіп жасап жатыр. Саз сырнайға бөлек, сыбызғыға бөлек, жетігенге бөлек бағдарлама. Міне, осы аспаптардың барлығы кезінде өліп кетуге айналған еді. Оларды қайта жаңғырту – біздің мақсатымыз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың әр жыл сайын ауқымы кеңейіп келеді. Байқаудың мақсаты – ұлт аспаптарын халық арасында насихаттау.