Қазақстан Президентіне Орталық Азия елдерінің басшылары жасаған тартулары

Қазақстан Президентіне Орталық Азия елдерінің  басшылары жасаған тартулары

Тұңғыш Президент-Елбасы кітапханасына жиналған жәдігерлер мен құнды кітаптар – Қазақстанның көптеген мемлекеттермен орнаған достық қарым-қатынасының заттық айғақтары. Көркемсурет туындылары, мүсіндер мен қолданбалы сәндік өнер бұйымдарының әрбірі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ресми жұмыс сапарлары мен іскерлік кездесулерде тартылған кәдесыйлар.

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚРТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында түрлі бағыттағы құнды материалда жиналған. Сақтаудағы бағалы заттардың дені – кітаптар мен мұрағат материалдары. Мемлекет басшысының қызмет барысында сыйға берілген жәдігерлер әлі де көптеп түсіп жатыр.

Кітапхана мұражайында қанат жайған әр экспонат өзінше ерекше. Көздің жауын алатын қолданбалы өнер туындыларының өзіндік тарихы бар. Бұл көлемді қорға топтастырылған кәдесыйлардың арасында Орталық Азия елдерінің көшбасшылары жасаған тартулардың маңызы айрықша. Төрден орын тепкен осынау керемет еңбектердің дені аймақтағы бауырлас мемлекетердің ортақ тарихына тән бірегейлікті айшықтайды.

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР  ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан және Қырғызстанның сәндік және қолданбалы өнер шеберлері жиі қолданатын былғарыдан жасаған бұйымдарды көруге болады. Өйткені қос мемлекеттің де бір-біріне ұқсас тылсым табиғи құбылыстарына төтеп беретін материал қажет. Ол әрине суық, ыстықты  өткізбейтін қалыпты температураны сақтап тұратын әрі өте берік болып келетін былғарыдан жасалған заттар. Мәселен, осындай ыдыста сақталған азық-түлік көпке дейін бүлінбейді.

Музейде батыр сауыты мен қару-жарақтың айрықша үлгілері сақтаулы. Экспозицияда барлығы Мұражай мен Кітапхананың қару-жарақ топтамасынан 30-дан астам жәдігер ұсынылған. Бұлардың денін Қазақстан Президентіне Орталық Азияның стратегиялық серіктес елдерінің басшылары сыйға тартқан.

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР  ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мына жерде ортаазиялық дәстүрге сай жасалған қанжар мен қылыш сынды қарудың үлгілері тұр. Олардың сабына дейін толықтай сүйектен жасалған. Мұқият қарасақ, бұл қарулардың жүздерінде метал қосындылары пайдаланылғанын  байқауға  болады. Бұл зергерлік өнер туындылары десек қателеспейміз. Өйткені бұл жерде оны әзірлеуге түрлі-түсті тастар қолданылғаны көрініп-ақ тұр. Ол кезде қару түгіл әшекей заттардың бәріне бірдей бұл әдіс пайдаланбайтын. Сондай-ақ «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына» деген арнайы жазуы бар.

Өзбекстанның күмістен құйылған ыдыс-аяғы, әйгілі түркменстандық төсеніштер мен өңір шеберлерінің қолынан туған зергерлік және сәндік қолданбалы бұйымдар. Бұның барлығы – Орталық Азия елдерінің өзара жылы қарым-қатынасының көрнекі дәйектері. Аймақтағы мемлекет басшыларының Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйлаған кітаптары арнайы жеке қорға жинақталған. Бұл да көршілес елдермен мызғымас достықтың жарқын белгісінің бірі. Бүгінгі күні Тұңғыш Президент кітапханасының қорында 30 мыңға тарта кітап бар.