Әйгілі «Анна Франк. Тарих сабақтары» көрмесі Ақтауда

«Анна Франк. Тарих сабақтары». Әлемге әйгілі көрме Ақтауда өтіп жатыр. Бұл халықаралық жоба 30 жылдан астам уақыт бойы дүние жүзі елдерін аралап келеді. Қазақстандықтар тарихи көрмемен Орталық Азия республикаларының ішінде бірінші болып танысуда. Анна Франк есімді жасөспірім қыз нацистік режим құрбандарының ең танымал символына айналды. Сонау зұлмат жылдары ол отбасымен бірге Нидерланд елінде екі жыл бойы жасырынып жүріп, жанын мазалаған ойларын, сезімдерін күнделігіне жазып отырған. Кейін оның күнделіктері Холокост тарихынан сыр шертетін маңызды құжатқа айналды. Бүгінде ол әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.

ЕЛЕНА ШВЕЦОВА, КӨРМЕНІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - Анна Франктің жылжымалы көрмесі үшінші жыл қатарынан Қазақстан қалаларын аралап келеді. Осы көрме арқылы біз адам құқықтарын сақтау мәселесіне назар аударып, дініне, ұлтына қарамастан барлық адамдарға құрметпен қарауға, төзімділікке шақырамыз. Ақтау – көрме таныстырылған Қазақстанның жетінші қаласы. Былтыр ол Астана, Алматы, Шымкент, Павлодарда өткізілді. Енді Орал қаласына аттанады.

ГУНЧА КОШАЕВА, СТУДЕНТ:

 - Бұл көрме адамзатты жауыздықтан арылуға шақырады. Мұндай оқиғалар тарихта ешқашан қайталанбауға тиіс. Осыны түсінуге тиіспіз. Соғыс болмасын. Және бұл туралы айта беру керек деп ойлаймын.