Түркі мәдениетін біріктіруші жалпы әлем әдебиетіндегі нар тұлғалардың бірі – Шыңғыс Айтматов жайында жаңа деректер оқырманға жол тартты. Елордада заңғар қаламгердің өнегелі өмірінен сыр шертер «Империяның соңғы жазушысы» атты кітап жарық көрді. Тырнақалды еңбекті жинақтаған қырғыз профессоры Османақын Ибраимов Айтматовпен қоян-қолтық араласып, сырлас болғанын айтады.

ОСМАНАҚЫН ИБРАИМОВ, ПРОФЕССОР, /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

 - Советтік империяның  құлдырауы Айтматовтыңда ішкі драмасы болды. Мен осы мәселені жаздым. Айтматовтың жеке тұрмысы, Айтматовтың ішкі күйзелісі, оның адам қатарлы мәселелері, төселген ойлары бұл кітаптың негізгі тақырыбы болды.

Сондай-ақ «Айтматов тағлымы» атты халықаралық жиын қонақтарының назарына қырғыз режиссері Артықбай Сүйіндіковтың аты мәшһүр жерлес жазушы жайында түсірген деректі фильмі ұсынылды.

Халықаралық Түркі академиясы биыл Айтматов жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай оған мүше Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Түркияда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, еңбектері қайта басылады. Шығармалары желісімен деректі фильмдер мен кино түсіру қолға алынған.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Айтматов жылы Астанада басталып отырғаны Орталық Азияның ішінде алғаш рет Қазақстанда тойланып отырғаны кездейсоқ емес. Өйткені Айтматовтың бүкіл шығармаларында қазақпен етене тығыз байланысты. «Жәмилә» шығармасынан бастап, «Боранды бекет» сынды көптеген шығармаларында қазақ пен қырғыздың тағдыры қатар өрілген.

«Шыңғыс хан әлемді семсермен бағындырса, Шыңғыс Айтматов дүниежүзін қаламымен жаулап алды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Бүгінде әйгілі жазушының шығармалары 157 тілге аударылып, туындыларының барлығына дерлік фильм түсірілген. Сондықтан да «Адамзаттың Айтматовы атанған  алып тұлғаның 90 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның көлемінде атап өту жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер