Өнер саласындағы ұстазға арналған кеш. «Астана Операның» камералық залында КСРО Халық артисі Наталия Шаховскаяны еске алуға арналған «Виолончельдің ғажайып үні» атты концерт өтті. Бұл музыкалық кеште атақты виолончельшінің шәкірті – белгілі қазақстандық музыкант Ермек Құрманаев сахна төріне шықты. Ол өз ұстазын сағынышпен еске алады. Концерт бағдарламасына Наталия Шаховскаяның сүйікті туындыларын топтастырдық, - дейді шәкірт. 

ЕРМЕК ҚҰРМАНАЕВ, ВИОЛОНЧЕЛЬШІ:

 - Оның сыныбына өту үшін үлкен байқау болатын. Менің оған дейін Мәскеу мектебін аяқтағандығыма қарамастан, оңай болмады. Талай байқауларда жеңімпаз атандым. Алайда Наталия Шаховскаяға келген кезімде біздің мамандығымызда әрдайым жетіліп, үздіксіз үйрену керектігін түсіндім.

Концерт бағдарламасына Бетховен мен Шостаковичтің ең жарқын сонаталары енген. Музыканттың айтуынша, Шостаковичтің виолончель мен фортепианоға арналған сонатасын орындау үшін үлкен мектептен өту қажет. Өйткені ол асқан шеберлікті қажет ететін өте күрделі шығарма.

АНАРА КАМЕЛЬИНОВА, ПИАНИНОШЫ:

-  Туындылар өте ауқымды, қанық. Виолончельдің де, фортепианоның да партиялары күрделі. Ермек Құрманаевпен бірге өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе.

Екі музыкант ортақ жобаларды жиі ұйымдастырады. Бұл жолы да дәстүр бойынша тыңдармандарға бірқатар музыкалық тосынсый ұсынылды. Мұндай концерт Алматы қаласында да өтіпті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер