Астанада қазақстандық мүсінші Еркін Мергеновтың көрмесі ашылды

Жаңашыл формалар, ерекше мәнерлілік пен заманауи көзқарас. Осының бәрін қазақстандық мүсінші Еркін Мергеновтың туындыларынан көруге болады. Астанада ашылған көрмеге шебердің 20-дан астам еңбегі қойылған. Ол алғаш рет өткізіліп отыр. Экспозияция автордың монографиялық топтамасы деуге болады. Көрмеге Еркін Мергеновтың соңғы туындылары енген. Футуристік мүсіндер автордың ішкі жан дүниесімен сырласуға жол ашатындай. Сарапшылардың айтуынша, Еркін Мергеновтың жұмыстарында шебердің ойы мен болашаққа деген көзқарасын байқауға болады. «Жамал», «Ана портреті», «Махамбет». Шебердің туындылары ұлттық құндылықтар мен суретшінің терең ойын жеткізеді. Бұл көрме «Қазақстанның бейнелеу өнерінің тарихы тұлғалар арқылы» атты музей жобасының аясында өтуде.

РОЗА ӘБЕНОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Бұл жоба қазақстандық өнердің дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың шығармашылығымен танысуға арналған. Қазіргі таңда Стэндфорд музейі тарапынан зор қызығушылық бар. Олар «Кездесу» деп аталатын туындыны алып, өз мұражайларында қоюға ниет танытып отыр. Бұл еңбекті көрсеңіз,  Шығыс пен Батыс тоғысатындай әсерде қаласыз.

КАМИЛА ЛИ, ӨНЕРТАНУШЫ, ЮНЕСКО ЖАНЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ СЫНШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Ол әрдайым Астанада көрме ұйымдастыруды армандайтын. Жаңа заманауи бас қалада өзінің туындыларының көрмесін ашу Еркін Мергенов үшін өте маңызды болды. Шебердің осы арманын оның шәкірті Әлібек Мергенов жүзеге асырып отыр. Бұл қоғам үшін, мәдениетіміз үшін маңызды шара. Мұндай асқан шебердің туындыларын көру керек деп ойлаймын.

Еркін Мергенов кеңістік пен уақытты тамаша сезіне білген. Бұл оның шығармашылық стилінен бірден аңғарылады, - дейді көрмеге келушілер. Мүсінші өз өнері арқылы бір-бірімен мүлдем қиыспайтын дүниелерді біріктіре алды. Кейбір еңбектерден өткенді, бүгін мен болашақты бір сәтте көруге болады. Шебер заманауи отандық мәдениет қайраткерлерінің үздіктерінің қатарында. Қазіргі таңда мүсіншінің жұмыстары әлемге танылды. Еркін Мергеновтың туындылары әйгілі музейлер, жақын және алыс шет елдегі жеке коллекцияларда сақталған. Өнерлі мүсіншінің көрмесі Ұлттық музейге келушілердің маусым айының соңына дейін қуантпақ.