Қазақ әдебиетінің үлгілері әлемдік көрмеде

Қазақ әдебиетінің көрнекті шығармалары әлемдік көрмеде. Лондондық жәрмеңке 47 жыл бойы әлімдік кітап нарығының қатысушыларын жиып келеді. Кітап ісінің кәнігі шебері атанған 23 мың маманның қатарына қазақстандықтар да қосылды. Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Герольд Бельгердің шығармалары ағылшын тілінде жарық көрді.Олардың барлығын британиялық аудармашылар – Саймон Холлингсворт пен Саймон Гейган тәржімалаған.

САЙМОН ГЕЙГАН, АУДАРМАШЫ:

 - Біз қазақшадан емес орыс тілінен аудардық. Бірақ орысша аудармасы Әуезовпен қоян-қолтық жұмыс істеген оның жақын досы Андрей Пантелеевпен жасалған. Сондықтан бұл түпнұсқаға өте жақын.

Іс-шара британиялық оқырманның зор қызығушылығын туғызды. Оған белгілі баспа үйлерінің жетекшілері, British Council өкілдері мен жергілікті журналистер қатысты.

РОБЕРТ ГРИНАЛ, ВВС ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ:

 - Бұл кездесуге келмес бұрын маған Мұхтар Әуезовті ағылшын тілінде оқу бақыты бұйырды. Меніңше, бұл өте керемет еңбек. Және мен үшін бүгін осында келіп, авторлар жайлы көбірек білу үлкен қуаныш. Енді олардың басқа да еңбектерін оқимын.

Қазақстан Лондон жәрмеңкесіне тұңғыш рет қатысып отыр. Ұлттық стендке «Мектеп», Ұлттық аударма бюросы және «АлматыКітап» баспаларының өнімдері қойылды.

ОЛЕСЯ ЖИР, «АЛМАТЫ КІТАП» БАСПАСЫНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Жалпы алғанда Қазақстанға деген қызығушылықтың бар екенін аңғаруға болады. Халық келіп, сұрақтар қойып жатыр. Әрине, мұндай мүмкіндіктің пайда болғанына өте ризамыз. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіне үлкен рахмет.

 

Дәл осы күні лондондық оқырман назарына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бөлігі саналатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жобасы ұсынылды. Қазақшаға аударылған оқулықтардың қатарында британиялық авторлардың да еңбектері бар.