Астанада «Еуразияның жеті бетпердесі» көрмесі ашылды - Kazakh TV

Әр кадрда белгісіз бейне әсемдігі, інкәрлікке толы би мен қиымыл кербездігі. Астанада танымал ресейлік фотосуретші Алексей Кривцов пен белорус мүсіншіcі Андрей Осташевтің көркем шығармашылықтары үндескен көрме ашылды. Өз ісінің хас шеберлері ұсынған көздің жауын алатын туындылар көрерменді еріксіз қыр-сыры көп аңыздар әлеміне жетелейді.

АНДРЕЙ ОСТАШЕВ, СУРЕТШІ, МҮСІНШІ /БЕЛАРУСЬ/:

- Әр жұмысым сюжеттік желіге құрылған бір оқиғаны баяндайды. Негізінен жалпы адамзат баласын толғандырып, еліктіріп әкететін тақырыптарда еңбек етемін. Өмірдің өзінен алынған бейнелерге тылсым бір күшке ие қосымшаларды жалғап, реализмнен алшақтау әлем құруға тырысамын. Оның қыр сырына шомылып ұзақ уақыт тұра бересің. 

Шығармашылық әлемінде қалықтап қиялға ерік беру. Көрме – Еуропа мен шығыс мәдениетінің осындай жарасымды үйлесім табуының жемісі.

ЛЕЙЛА МАХАТ «ҚҰЛАНШЫ» ЗАМАНАУИ ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІЛІК КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

- Фотосуретке түсірілген шығыс аруларының бейнелері шебердің төл мәдениетіне сәкестендіріліп берілген. Шығыс аңыздарынан алынған кейіпкерлер екені көзге анық байқалады. Алайда өзге құрлықта жұмыс жасауға дағдыланған маманның қолтаңбасын аңғаруда қиын емес. Бұл қос мәдениеттің бірлесуінен шегі жоқ өнердің жаңа бір қыры дүниеге келді деп айта аламыз.

Көнелік нақыштан көркем өнердің заманауи  тәжірибелеріне дейінгі түрлі бейнелер. «Еуразияның жеті бетпердесі» жобасы аясында петербурлық фотосуретші Алексей Кривцов классикалық балет өнерінің өзге қырын танытуды мақсат етіпті.

АЛЕКСЕЙ КРИВЦОВ,  ФОТОСУРЕТШІ /РЕСЕЙ/:

Түсірілімдер сахнаның астындағы жертөледе жүргізілді. Балет шымылдығының арғы жағында көпшілікке беймәлім өмірді көрсеткім келді. Сахнаның ар жағында да қызған шығармашылық. Театрдың ұжымы толықтай қатысты. Қойылым, техникалық өндіріс пен сахна саңлақтары бір адамдай атсалысуының арқасында бұл еңбектер дүниеге келді

АЙЖАН МҰКАТОВА, «АСТАНА БАЛЕТ»ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ:

- Сахна төрінен бұның барлығы өзгешелеу көрінеді. Ал мына фотосуреттерде біздің күнделікті жұмыстың басқа қыры танытылған. Алексейдің еңбегіне тәнті болдым. Оның қырағы көзі көпшілік түгіл, өзім байқамайтын тұстарды жақсы көре алады екен. Туындыларды көз алмай тамашалай бергің келеді.

Айта кетейік, халықаралық көрме мамыр айының соңына дейін жалғасады. Шетелдік шеберлердің қайталанбас еңбектерін «Құланшы» заманауи өнер галереясынан тамашалауға болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер