Нью-Йоркте қазақ тілі курстары ашылды

Нью-Йоркте білім алып жатқан «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегерлері тың бастаманы қолға алыпты. Жырақта жүріп, ғылымға қанат қаққан кіл мықтылар бос уақыттарын ана тілін жетілдіруге арнайды. Олар тек шетелдегі қазақтарға ғана емес, америкалықтарға да қазақ тілін үйретуге кірісті. Алып шаһарда Ұлы Даланың дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен  салтын  үйренуге талаптанғандар саны әлдеқайда көп болып шыққан.

РАУШАН НАЙЗАБАЕВА, ҚАЗАҚ ТІЛІ КУРСТАРЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

- Осында «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға келген жерлестеріміз көп. Арамызда қазақ тілін жоғары деңгейде үйрете алатын ұстаздар,  филолог, журналистер бар. Сондықтан, бәріміз бас қосатын орын табу керек деп шештім. Нью-Йоркте қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арнап, Фейсбукте хабарландыру жаздым. Алғашқы сабаққа 15 бала мен он шақты үлкен кісі келгенде, таң қалдым. Барлығы  осы бастамамызды қызу қолдап отыр.

Раушан Найзабаева Нью-Йорк университетінде «Онлайн және баспа медиасы» магистрлік бағдарламасы бойынша білім алып жүр. Бүгінде ол қазақстандық студенттер мен диаспораның басын қосып, түрлі шаралар ұйымдастырады. Астанадан екі баласымен бірге келген Раушан біраз уақыттан кейін балаларының ана тілін ұмыта бастағанын байқаған. Бұл – АҚШ-тағы қазақтардың басты мәселесі. Осылайша өзі оқып жүрген университет әкімшілігінен қазақ тілін меңгеруге арналған аудитория бөлуді сұрайды. Бүкіл әлемнен келген 50 мыңнан аса студент оқитын АҚШ-тың ірі жоғары оқу орны қазақ қызының бұл өтінішін жерде қалдырмаған. 

МАДИНА АХМЕДИНА, ОҚУШЫ:

- Отандастырымыздың бастамасы арқасында ана тілімізді одан әрі дамытуға, тереңірек оқуға үлкен мүмкіндік туды. Қазақ тілін  үйретуден бөлек бұл жерде қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын оқуға баса назар аударылған. Қазақ халқының мақал-мәтелдерін талдау мен үшін ең қызықты сабақ болды.

Нью-Йорктегі қазақ тілі курсына 40-тан аса адам қатысады. Қазақ тілі балаларға ойын түрінде оқытылады, сосын ата-аналарымен бірге тарих пен салт-дәстүрлерді «Спикинг клаб» форматында талқылайды.

АЛИЯ ЖУНУСОВА,ҰСТАЗ:

- Біз қазақ тілін, мәдениетін, дәстүрін білген соң келер ұрпаққа оны үйрету біздің парызымыз деп білемін. Сондықтан басқа студенттерді қазақ тілінде сөйлету, үйрету біздің мақсатымыз. 

Нью-Йорктегі оқушылар балабақша мен мектеп партасында латын әріптерін оқиды. Болашақта латын әліпбиімен жазылған жаңа оқулықтар шыға қалса, балаларды оқыту анағұрлым жеңіл болмақ.