Астанада Орталық Азия дизайнерлерінің форумы өтті

«Ақылды гаджеттер», ұлттық нақыш пен заманауи сәндік қолданбалы бұйым үлгілерінің үйлесімділігі. Елордада Орталықазиялық интерьер дизайнерлері бас қосты. Форум Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанның 200-ден астам ішкі көрініс әрлеушілерін жиды. 

СТАНИСЛАВ ОРЕХОВ, ДИЗАЙНЕР /ҚАЗАҚСТАН/:

- Орталықазиялық форум көптеген елдердің дизайн саласының мамандарын жиды. Басқосудың мақсаты – түрлі шығармашылық ойлар мен ұтымды шешімдерді біріктіріп, ортақ тұжырымдама құру. Дәл осындай жиындар өзара тәжірибемен бөлісіп, шеберлік алмасып, ортақ істің ілгерілеуіне жол ашады.

Аймақтық форум қатысушыларын Астана осымен үшінші мәрте қарсы алып отыр. Елорда жетекші сәулетшілер, кәсіби құрылысшылар мен тәжірибелі қолданбалы сәндік өнер шеберлерінің, мейрамхана, қонақ үй бизнесі мамандарының шығармашылығын бір арнаға біріктіретін дәсәстүрлі алаңға айналды. Қатысушылар ғимараттардың ішкі көрінісін жайнату ісін өңірлік нарықпен қатар халықаралық аренаға шығар үшін жұмыла әрекет етуге басымдық беруде.

АННА КАСЬЯНЕНКО ДИЗАЙНЕР /ӨЗБЕКСТАН/:

Бізді дизайн мен сәулет салаларының өңірде дамуымен қатар, көршілес мемлекеттер мен  шалғайдағы шетелдерде қаншалықты ілгері басқаны қызықтырады. Сондықтан Қазақстанға осы мақсатпен арнайы келіп отырмыз. Форумның өзге қатысушыларының ұсыныстарын тыңдап, бүгінгі нақты тәжірибелерімен танысқымыз келеді. Өз кезегімізде біздегі жобалау жаңашылдықтарымен бөліспек ойдамыз. Бұл пікірталас алаңында көптеген тың ойлар айтылып, өзекті деген мәселелерді көтеріп шешімін бірге іздейміз.

СТАНИСЛАВ ОРЕХОВ ДИЗАЙНЕР, /ҚАЗАҚСТАН/:

- Орталық Азия форумының елордада өтуі бекер емес. Өйткені Астана құрлықтың дәл бел ортасында орналасқан. Еуразиялық деңгейдегі көршілес елдердің орталық торабы десем қателеспеймін. Бұл іскерлік орталықтың өзге елдермен бөлісер тәжірибесі бар. Әлі де дизайн төңірегінде даму әлеуеті зор.

Форумда әдеттегідей Орталық Азия кеңістігіндегі елдердің сала майталмандарының пікірталас, тренингтер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. Әңгіме өзегіне айналған басты тақырыптардың бірі – баспана, кеңсе мен түрлі деңгейлі ғимарат ішін әрлеуде ұлттық нақышқа ден қоя білу. Бүгінде тарихы тереңде жатқан дәстүрлі стиль әлем бойынша сұранысқа ие болып келеді. Ұйымдастырушылар форумды аймақтың интерьер индустриясына соны үлгідегі технологияларды ендірудің ошағына айналудыруды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде Орталық Азияның жалпы дизайн саласының өркендеуіне септігін тигізетінне сенімді.