Астанада «Мәңгілік Вена классикасы» концерті өтті

Астанада «Мәңгілік Вена классикасы» концерті өтті

«Мәңгілік Вена классикасы» «Астана Опера» театрында. Австриялық ұлы сазгерлердің өшпес туындылары Камералық оркестрдің орындауында ұсынылды. Әуенді кешке әлемге танымал музыка кемеңгері Эльдар Сапараев жетекшілік етті. Атақты виолончелист түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпазы, «Веналық симфониетта» оркестрінің дирижері, Германиядағы Оңтүстік-Батыс филармониялық оркестрінің концертмейстері ретінде танымал. Әлемнің үздік сахналарында өнер көрсеткен тәжірибелі музыкант бұған дейін де Қазақстанда гастрольдік сапармен болып, бірнеше концерт беріп үлгерген. Музыкалық кештің солисі -  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Бағдат Әбілханов.

ЭЛЬДАР САПАРАЕВ, ДИРИЖЕР:

- «Астана опера» театрының ұжымымен қайта қауышып, камералық оркестрдің майталмандарымен бірге жұмыс жасағаныма қуаныштымын. Біз көктем мезгіліне сай бағдарлама құрдық. Сондықтан аты аңызға айналған Моцарт Гайденнің шығармаларын кірістірдік. Ол 1785 жылы жазылған Гайденнің «La Reine» атты ерекше туындысы мен Моцарттың «Сыйқырлы флейта» увертюрасы.

БАҒДАТ ӘБІЛХАНОВ, СКРИПКАШЫ:

– Ля мажор скрипкаға арналған №5 концерті Моцарттың ең атақты шығармаларының бірі. Халық арасында бұл туынды «Түркілік» деп аталып кеткен. Ол қазақтың саз өнеріне  жақынырақ келетін музыка. Веналық классиканы орындау асқан шеберлікті қажет етеді. Себебі бұл әуеннің ырғағы мен үнінде сан қырлы дыбыстар жиналған. Бірде шарықтап жоғары кетсе, енді бірде бәсеңдеп төмендей түседі.