Сыр өңірінде Қазақ дәстүрлі өнер академиясы ашылмақ - Kazakh TV

Қазақтың төл өнері өшпек емес. Оның халықаралық деңгейде мәртебесі жоғары. Ендігі мақсат – әлемдік өркениеттегі орнын айқындай түсу. Осы мақсатта Сыр өнерпаздары аймақтан Қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашуды көздеп отыр.

Оғыздан жеткен тас қобыздың Сыр бойындағы Қорқыт ата кесенесі маңынан табылғаны мәлім. Археологтар құнды жәдігер табылған Сортөбе қаласы – 9-10 ғасырларда өмір сүргенін айтады. Ал Сыр Сүлейлерінің Қармақшы жеріне шоғырлануының өзін күй атасы, жырдың пірі Қорқыт бабамен байланыстырады. Әзірге еліміздегі жалғыз жыраулар үйі де осы ауданда жұмыс істеп тұр.

СЕРІК ЖАҚСЫҒҰЛОВ, ЖЫРАУЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Сыр бойының өзінде де үлкен іргелі 3 мектеп қалыптасқан. Мұнда кешегі жыраулардың ізіменен, барлық дәстүрлер сақталып келе жатыр. Әсіресе әрбір мақамсазға деген талғампаздық, әрбір орындаушының осы шеберлігін арттыру, өзінің болмысын қалыптастыру деген сияқты мәселелер өте басым назар аударып отырады.

Токио университеті шығарған «Бүкіл дүниежүзілік музыкалық аудио энциклопедияға» Қорқыт атаның 9 күйі мен Сыр сүлейлерінің 16 шығармасы енуі біз үшін асқан мәртебе. Қорқыт мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізуге Түркия, Әзербайжан және Қырғыз елі де қолдау білдірді. Осынау әлем жоғары бағалап отырған дәстүрлі өнерге жастарды баулуды мектептер мен үйірмелер аясында ғана емес, кәсіби тұрғыда бастау керек. Бұл – жырау, фольклортанушы Алмас Алматовтың пікірі.

АЛМАС АЛМАТОВ, ЖЫРАУ, ФОЛЬКЛОРТАНУШЫ:

- Академияның материалдық-техникалық базасыменен, оның әлеуметтік жеңілдіктерін Республика бюджетіне салмақ түсірмей, облыстың бюджетінен шешуге мінеки келісім беріп отыр.

Жоба жүзеге асса, қазақтың дәстүрлі мәдени-музыкалық мұраларын әлемге танытатын талай талантқа жол ашылмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер