Қазақстанның дарынды өрендері заманауи француз әндерін шырқады. Елордада франкофония мерекесі аясындағы әндер байқауының ақтық сыны өтті. Осымен мейрейтойлы 10- шы мәрте шымылдығын түрген дәстүрлі шара 30 жас орындаушының өнерін бір сахнада тоғыстырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар бас жүлде - Парижге барып-қайту жолдамасын ұтып алу үшін бақ пен бап таластырды. Сайыскерлер француз тілін білетін және меңгермегендер болып екі топқа жіктелді.

РОНАН ПАРАН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ БІРІНШІ КЕҢЕСШІСІ:

- Бұл қатысушылардың барлығы да өз қалаларында өткен іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтті. Енді үздіктер өзара ақтық сында шеберлік байқасатын болады. Біз орындау мәнері,сахналық обрызы, дауыс ырғағы және тілді қаншалықты меңгергенін байқап ортақ баға береміз. Сондықтан жеңімпаз жан-жақты болуы тиіс.

Қатысушылардың дені – музыкалық колледждер мен жоғарғы оқу орындарының студенттері мен түлектері. Қарағандылық медицина университетінің студенті  Диана Бекмұрзаеваның арнайы білімі болмаса да, өнері озып үздік үштікті тұйықтады. Табиғи дарын француз әншісі Заздың репертуарын таңдаған.

ДИАНА БЕКМҰРЗАЕВА, БАЙҚАУ ЖҮЛДЕГЕРІ:

- Менің даусымды көбіне  бұл  әншінің ән айту мәнеріне ұқсатады. Маған оның шығармашылығы қатты ұнайды. Сондықтан таңдауым оған түсті.

Франкофония – халықаралық байқау. Бүгінде ол әлемнің 77 елінде дәстүрлі түрде  ұйымдастырылып келеді. Бұл шара 5 бірдей құрлықта тұратын, француз тілі мен мәдениетін қолдаушы 1 млрд-тан астам адамды біріктіріп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер