Cыбызғымен шертілген саз. Парижде 19 жасар қазақ композиторы әрі пианисі Рахат-Би Әбдісағынның сыбызғыға арналған музыкалық композициясының әлемдік премьерасы өтті.  Оның су  жаңа туындысы – «Алыстағы ойлар» (Des pensées de loin) деп аталады. Пьеса әлемге әйгілі француз флейта оркестрінің тапсырысымен жазылған.

РАХАТ-БИ АБДЫСАҒИН, МУЗЫКАНТ:

- Бұл бірегей ұжым. Еуропада мұндай оркестрдің екеуі ғана бар. Бірі Нидерландыда, екіншісі Парижде орналасқан. Ұжымның ерекшелігі классикалық сыбызғының барлық бес түрі қамтылған. Пикколо, альт, бас және кіші, үлкен флейталар. Ең қызығы, контр-бас сыбызғы. Бұл өте сирек кездесетін аспап. "Алыстағы ойлар" атты туындым жаңа заман күйін шертеді.

ТИБО БЭК ДЕ СУРАНИ, СЫБЫЗҒЫ ОРКЕСТРІНІҢ ДИРИЖЕРІ /ФРАНЦИЯ/:

- Осындай өте қызықты пьесаның авторымен жұмыс істеу бір ғанибет. Біз үшін бұл бірегей туындының барлық қырын ашып көрерменге жеткізу, оның ұзақтығына да қарамастан зейінімізді осы кешке аударып, бар күшімізді салу өте маңызды болды.

Рахат-Би әуенді 10 жасынан бері жазады. Көптеген беделді байқаулардың жеңімпазы, 100-ге жуық музыкалық туындының авторы. Ол өзі жеткен жетістігіне тоқмейілсімей, үнемі жаңа мақсат қойып отырады. Әлемнің әр түкпірінен келген музыканттар отандасымыздың туындыларына «күрделі де жігерлі» деген баға берді.

КРИС АНДЕРСОН, АҚШ МУЗЫКАНТЫ:

- Бүгінгі концерт мені ерекше көңіл-күйге бөледі. Мені мұнда таныстарым шақырған. Келгеніме қуаныштымын. Себебі, Рахат-Би Әбдісағиннің кеші тамаша өтті. Бұған дейін қазақстандық композитордың шығармаларындай әуен естімеппін. Таңқаларлық. Рақмет!

ЛЮСЬЕН МАЙАР, ПАРИЖДІҢ 17-ШІ АЙМАҚ МЭРИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

- Бұл өте тамаша пьеса. 10 жылдан бері Пьери Варто (Pieri Varto) басшылығымен француз сыбызғы оркестрімен қазіргі заманауи музыкалық концерттік бағдарламасын қойып келеміз. Ұлы қазақ композиторын Франция астанасының сахнасында қабылдау біз үшін үлкен құрмет.

Айта кету керек, жас композитордың музыкалық премьерасы Прага, Лондон, Вена, Берлин, Сеул, Анкара, Стамбул, Мәскеу, Бергамо, Аликанте және әлемнің басқа қалаларында өткен болатын. Шетелде «Қазақ Моцарты» атанып кеткен Рахат-Бидің алдағы кең ауқымды концерттері Рим  және Санкт-Петерборда өтеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер