Ұлы Даланың өркениеті Ұлыбритания төрінде. Лондондағы ірі саябақ Виктория Ембанкмент Гарденсте «Қазақстан мәдениеті» күні аталып өтілді. Қазақстан елшілігі ұйымдастырған шараға Британия жұртшылығы, осы елдегі қандастарымыз бен студенттер жиналды. Саябақтың қақ ортасына қазақтың киіз үйі бар сән-салтанатымен тігілді. Еліміздің туристік әлеуеті көрсететін көрме ұйымдастырылып, келушілерге тегін кітаптар таратылды. Отандық дизайнерлердің туындылары да елдің назарын аудартты. Ұлттық дәмнен ауыз тиген жұртшылық, қазақ елі туралы мәліметтерге қанықты.

РОБЕРТ БРАУН, ДЖЕРСИ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Батыс халқының, меніңше, саяхаттаудағы мүмкіндіктері шектеулі. Көптеген қызықты жәйттер біздің назарымыздан тыс қалып жатады. Мына кітаптан мен кейбір фото көріп, Астаналарыңыздың қандай көркем екендігіне тәнті болдым. Мен, сондай-ақ, қазақ халқының мейірмандылығы мен қонақжайлығына ерекше риза болдым.

ГОПИХАНД ХИНДУЖА, ЛОНДОН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Менің бүгін көргенім ерекше әсерге бөйлейтін жағдай және жүрегіме өте жақын концерттік бағдарлама. Осындай музыканы жаным сүйеді. Әндеріңіз өте керемет. 

Мереке көркін қазақтың халық күйлері қыздыра түсті. Қызылорда облысынан Лондонға арнайы келген «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Ықыластың «Жезкиік», халық күйі «Ел айрылған» және ұлы Қорқыт шығармаларынан бастап, әлемнің классикалық туындыларына дейін орындады. Ұжымдағы 12 өнерпаз бірігіп те, бөлек те өнер көрсетіп, жыр-термеден шашу шашты.

ТАЛҒАТ МАҚАШЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Сыр елінің, қазақ өнерінің дәстүрлі өнерін алып келіп, осындағы қандас бауырларымызға және осында жүрген шетел азаматтарына қазақ өнерін таныстырдық. Жалпы халықтың қабылдауы өте жақсы, керемет.

КҮНСҰЛУ ТҮРІКПЕН, «АҚМЕШІТ» ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ ӘНШІСІ:

- Шетел мемлекетінде біздің қазақтың әні шырқалса, қазақтың жыры жырланса, күйі ойналса, мен ойлаймын бұл қазақ мәдениетінің, қазақ халқының абыройының асқақтағаны.

Ұлттық мәдениетті жан-жақты насихаттауға бүгінгі ұрпақтың шама шарқы жетеді. Оған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жер-жерде өтіп жатқан шаралар дәлел. Атап өтерлігі, алдағы уақытта қазақ классиктерінің ағылшын тіліне аударылған шығармалары ұлы Шекспир еліне, бүкіләлемдік кітап жәрмеңкесіне жол тарпақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер