Латвияда қазақстандық суретші Лейла Махаттың жеке көрмесі өтуде

Қазақстанның заманауи өнері Балтық жағалауында. Латвияның Лиепая қаласында әйгілі қазақстандық суретші Лейла Махаттың жеке көрмесі өтіп жатыр. Әлемге танымал отандық суретшінің жеке экспозициясы «Мен осындамын» деп аталады. Қылқалам шеберінің еңбектері осыған дейін Лихтенштейн, Австрия мен Лейланың туған жерінде ұсынылған. Қазақстанның заманауи өнерімен таныстыратын Лейланың шығармашылығы осылайша әлем жұртшылығына танылып келеді.

ДАЦЕ КАРКЛА, ЛИЕПАЯ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Лейланың жұмыстары әлемнің көптеген елдерінде көрмеге қойылды. Ол - сұранысқа ие суретші. Оның экспозияциялары Жапония, Қытай, Үндістан, Ресей, АҚШ, Австрия, Чехия, Норвегия, Бельгия елдерінде өткен болатын. Енді ол өзінің көрме тарихына Латвияны да қосып қоятын болды, бұл біз үшін үлкен құрмет.

Лейла Махаттың жарқын, қанық түстерге бай экспозициясына Латвияның өнертанушылары жоғары баға берді. Шебердің 30-ға тарта туындысында философиялық терең мағына бар. Лейланың шығармасы Отанға деген сүйіспеншілікті айқын жеткізіп, қазақ халқының мәдениеті мен рухани дүниесін тереңнен сөйлетіп тұр. Қазақтың сағым даласы, өзен-көлі, тау-тасы латвиялық өнертанушылар мен көпшіліктің назарын аудартты. Әсіресе, көрмеде көшпенділердің ең қасиетті малы – жылқы бейнесі көзге түседі.

ЛЕЙЛА МАХАТ, СУРЕТШІ:

- Бұл суреттер - менің жүрегімдегі отаныма деген махаббаттан туындаған. Мен адамдарға Қазақстанға саяхаттап бару туралы ой тастағаныма қуаныштымын. Көрмемнің қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тұспа-тұс өтіп жатқаны да жақсы болды. Суретші ретінде Қазақстанды әлемге таныту, сол арқылы әлем  қызығушылығын тудыру мені бақытқа бөлейді.

Хас таланттың көрмесі Латвияның тәуелсіздігінің 100 жылдығына және Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған тарту болды. Көрме мамыр соңына дейін жалғаспақ.