«Отелло» қазақ тілінде сахналанды

Махаббат пен қызғаныш, жақсылық пен жамандық, адалдық пен тәкапарлық. «Отелло» драмалық қойылымына Қазақ театрының сахнасында қайта жан бітті. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай қара шаңырақ аты аңызға айналған Уильям Шекспирдің көпшілікке танымал пьесасын қазақша сайратты. Қоюшы-режиссері Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов. «Қалекей» театрының ұжымының үш айлық дайындығына ресейлік өнер сарапшысы Михаил Вишневский арнайы шақыртылған.  

ҚУАНДЫҚ ҚЫСТЫҚБАЕВ,  АКТЕР:

- «Отелло» трагедиясы – Шекспир шығармашылығындағы қазақ тілінде қойылған өте сирек пьессалардың бірі. Ұлы өнер майталманы Шәкен Айманов басты рөлді сомдағаннан соң бұл туынды қазақ тілді сахнаға бірең сараң шығумен тоқтап қалды.  Басты кейіпкердің бейнесін ашу екінің бірінің қолынан келе бермейді, өте ауыр орындалатын рөл. Дей тұра бар күш-жігерімді осы «Отелланың» шын кейпін айнытпай ойнап шығуға салдым.

Драмалық туындыны Мұхтар Әуезов 1936 жылы алғаш рет қазақ тіліне аударған. Әлемге әйгілі кейіпкердің бейнесін Шәкен Аймановтан бөлек,  Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров сынды сахнагерлерге бұйырды. Көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген шығарманың қызығына қазақ тілді өнер сүйер қауым тағы бір қаныға алады.