Астанада қытайлық қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды

Астанада қытайлық қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды

Дәстүрлі көркем сурет пен заманауи абстрактілі өнер үйлесімі. Астанада қытайлық қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды. Аспанасты елінің суретшілері қала пейзажы, портреттер мен натюрморттар бейнеленген еңбектерін көрмеге қойған. Елімізге 80-нен астам туынды әкелініп отыр. Олар қанық түстері және қиыстырылған күрделі кескіндерімен ерекшеленеді. 7 қылқалам шеберінің шығармашылығы өнерсүйер қауымды Қытайдың дәстүрлі бейнелеу өнерінің сан қырлылығымен таныстырады.

ТОҚТАР ЕРМЕКОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Қытайлық суретшілердің шығармашылығы жайлы не айтуға болады? Бастысы, олар көркемсурет, шығармашылық базасын  жоғалтпаған. Бұл тұста қазақтың қылқалам шеберлерімен өте ұқсас. Көрме «Бір белдеу-бір жол және Нұрлы жол» деген атаумен өтуде. Өнер арқылы халықтың өмірімен танысу әлдеқайда оңай. Ән мен би ғана емес, картиналар арқылы да  көршілерімізбен жақын таныса аламыз.

Қытайдың майлы бояу суретшілер клубының вице-президентіЛи Жоншяннің туындылары да осы көрмеге қойылған. Шебердің өзіндік ерекше техникасы бірден көзге түседі. Картиналардағы табиғаттың әсем көріністері көздің жауын алады. Белгілі суретші өз топтамасын еліміздің басты шаһарының көріністерімен толықтыруды жоспарлап отыр. 

ЛИ ЖОНШЯН,СУРЕТШІ,  ҚЫТАЙДЫҢ МАЙЛЫ БОЯУ СУРЕТШІЛЕР КЛУБЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бұл менің Астанаға алғаш келуім. Қаланың сәулеті мен әсемдігіне таң қалдым. Осында бірнеше картина жазуды жоспарлап отырмын. Мен қазақстандықтар біздің мәдениетімізбен жақынырақ танысса деймін. Қазақстанға осындай оймен келіп отырмыз. Көрменің арқасында елдер арасындағы байланыс нығая түседі деген ойдамын.

Қытайлық суретшілердің туындылары Әскери-тарихи мұражайға келушілерді ай соңына дейін қуантпақ.