Елордада Мұстафа Шоқайды еске алу кеші өтті

Орталық Азияның түбі бір тарихының сақшысы, бауырлас елдердің өнегелі мәдениетінің жыршысы. Елордада  көрнекті қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың өмірі мен еңбек жолына арналған шараға жиналғандар осындай ой қозғады.  Расында, білімі тұтас бір «Азатшыл ойдың энциклопедиясына» татитын Мұстафа Шоқай жасыл тудың астына түркі тектес халықтарды тегіс жинауды  мақсат етті. Тарихи тұлғаны бүгінгі ұрпақ біртұтас Түркістан идеясының авторы деп таниды.

АҚНИЕТ БЕЙМҰРЗАЕВА, СТУДЕНТ:

- Мұстафа Шоқай көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол тек қана қазақ ұлтының ғана емес, барша түркі тілдес ұлттың ұлы тұлғасы. Өл өмір бойы бейбітшілік жолмен тәуелсіздік алуды аңсап кеткен арда азамат болып табылады. 

Түркістан автономиясының жетекшісі ретінде Шоқай  түркі халықтарының бірлігін жарастыруды аңсап өтті. Тіл, дін жанашыры ұлттық болмыс пен  мәдени мұраны сақтау қамына бар ғұмырын сарп етті.  Заңгер, журналист, жазушы ретінде  осы тақырыпта талай қалам тербеп, мақалалар жариялады. «Орта Азиядағы ұлттық қозғалыс» атты еңбегі  солардың ішіндегі ең сүбелісі. Аймақтың ағартушылық саласына қан жүгіртіп,өлке жастарының сауатын ашуда да үлесі басым дейді тарихшылар.

БАУЫРЖАН ЕҢСЕПОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

- ХХ ғасырдың басында Орта Азияда Түркістан мұсылман университетін ашу деген идеяны көтерген осы Мұстафа Шоқай болатын. Сол идеясы 1917 жылы жүзеге асырылған еді. Уақытша Үкіметтің кезінде Ташкент қаласында Түркістан университетін ашуға үлкен септігін тигізген Мұстафа Шоқай болды. Қазіргі таңда Өзбекстанда САГУ-дің Орталық Азиялық университетінің 100 жылдығы аталып өтейін деп жатыр. Бірақ бұл жалғыз Өзбекстанның ғана емес, бүкіл Орта Азияның 5 республикасы тойлайтындай үлкен деңгейде деп айта аламыз. 

Түбі бір түркі халықтарын біріктіру идеясы жолындағы күрес Шоқайды халық жауы атандырды, қуғынға ұшыратты. Ғұмырының жартысын жат жерде өткізгенімен азаттық күресін бір сәткеде тоқтатқан жоқ. Жырақтағы белді басылымдарда отты ойларын жазып жүрді. Бірнеше тілді жетік меңгерген полиглоттың мақалалары орыс, түрік, француз және ағылшын тілдерінде жарияланды. Бүгінде алаш қайраткерінің   есімі ақталды, құрметпен аталады. Ал оның еңбектері мен күрескерлігі әлі талай зерттеулерге арқау болмақ.