«Айман Мұсақожаева ұсынады...» - Kazakh TV

«Айман Мұсақожаева ұсынады...».  Әлемге танымал музыкант Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында өнер көрсетті. Кеш Астананың 20 жылдығы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің мерейтойына арналды. Концерттік бағдарламаға әлемдік музыка өнерінің түрлі жауһарлары енген.

АЙМАН МҰСАҚОЖАЕВА, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ:

- Концерттің көрерменге ұнағанын залдағы мүлтіксіз тыныштықтан байқауға болады. Тіпті, залда ешкім отырмағандай ойда қаласың. Шын мәнінде олар үнсіз тыңдап отырады. Көрермендердің жанын тебіренту үшін Прокофьев пен Шуберттің керемет туындыларын орындаймыз. Бұл жүрек тербейтін ғажайып сезім. Чайковский кезінде «Менің музыкамнан халық өзіне жұбаныш, қолдау тапқанын қалаймын» деп айтқан.

Концертте Р. Вагнердің «Нюрнберг мейстерзингерлері» операсына арнап жазған увертюрасы, С.Прокофьевтің скрипкаға арнаған концерті және Шуберттің әйгілі тоғызыншы симфониясы орындалды. Музыкалық кешке дирижер Михаил Юровский жетекшілік етті.

МИХАИЛ ЮРОВСКИЙ, ДИРИЖЕР /ГЕРМАНИЯ/:

- Осы оркестрмен бірлесіп қойған концертке көңілім әбден толды. Барлығы шебер музыканттар. Жеткен жетістіктерімен шектелмей, жетіле түсуге аса ынталы екен. Техникалық тұрғыдан да, шығармашылық жағынан да. Менің міндетім – осының бәрінің басын қосу.

Мерейтойлық концерт мұнымен аяқталмайды. Мамыр айында Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінің өнерпаздары есептік концерт береді. Ал, қазанда АҚШ пен Австрияға гострольдік сапармен барады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер