Астанада ресейлік қылқалам шебері Наталья Шевченконың жеке көрмесі ашылды

Қоршаған ортаға ерекше көзқарас, бейнелеу өнерінің жаңа қыры мен ашық түстес жылы бояулар. Елордалықтар бұл керемет көркем сурет туындыларын Тұңғыш Президент мұражайынан көре алады. Астана төрінде ресейлік қылқалам шебері Наталья Шевченконың жеке көрмесі ашылды. Мұнда қойылған автордың 50-ден артық жұмысы көпшілікке қалыпты дүниелердің құдіретін өзге қырынан танытады. Әр еңбектің композициялары кішігірім мәнерлі бояулардың жиынтығынан құрылған. Наталья Шевченконың «Ақ тілекпен, Астана» атты көрмесіне әр кезеңде түрлі тақырыптарда салынған топтамаларының үздік деген туындылары іріктеліп әкелінген.

НАТАЛЬЯ ШЕВЧЕНКО, СУРЕТШІ /РЕСЕЙ/:

 - Мұнда негізінен салауатты өмір салты тақырыбында қылқалам тербеген жұмыстарымды алып келдім. Бұған дейін бұл еңбектерРесейдің мәдениет орталығында, мемлекеттік спорт музейінде және Люксембург қаласында қойылған еді. Көрмені «Ақ тілекпен, Астана» деп атауым бекер емес. Себебі менің шығармашылық жолым дәл осы шаһардан бастау алды. Сондықтан қай көрмем болмасын, бейнелеу өнеріне келуіме шабыт берген сұлу мекенге қатысты туындыларсыз өтпейді.    

Наталья Шевченконың көрмесі Қазақстандағы Ресей елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қос ел өкілерінің айтуынша, мұндай игі шаралар мемлекетаралық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуына үлкен сеп болуда. Биыл бұл достық қарым-қатынасты айшықтай түсетін өзгеде шығармашылық шаралар өткізілмек. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына ортақтасу үшін көрші елдің дарынды ұжымдары келеді деп жоспарланып отыр.

АЛЕКСАНДР МУСИЕНКО, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ   ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІ-ЕЛШІСІ:

 - Қазақстан астанасының 20 жылдық мерейтойында үлкен мәдени бағдарлама әзірленеді. Мерекелік шаралар биылғы жылдың маусым айының соңы мен шілденің алғашқы күндеріне жоспарланған. Қазіргі таңда арнайы бағдарлама даярланып, үздік деген шығармашылық ұжымдары іріктеліп жатыр. Ресей өнерпаздарының атаулы датаға орай ұсынатын өнерлері көпшіліктің көңілінен шығатынына сенімдімін. 

Көрмелер мен инсталляциялар, балет және театрландырылған қойылымдар мен концерттер. Биылғы мерекелік бағдарламаны қазақстандықтар мен қатар Ресей азаматтары да тамашалай алатын болады.