«Алтын Адам» – әлем музейінде» халықаралық жобасы Мәскеуде шымылдығын ашты

«Алтын Адам» – әлем музейінде» халықаралық жобасы Мәскеуде шымылдығын ашты. Ұлы Даланың мұрасын көруге Бүкілресейлік сәндік-қолданбалы өнер музейіне келушілер көп. Археология саласының ең үлкен жаңалығы – Есік қорғанынан табылған алтынмен қапталған әйгілі сақ жауынгерінің экспонаты көрші елге бірінші рет шықты.

ВЛАДИМИР АРИСТАРХОВ, РФ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Алтын адамның» табылуы – XX ғасыр археология тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Сол себепті бүгінгі көрменің ашылу ауқымдылығы, мәдени және археологиялық маңыздылығы жағынан Тутанхамон қазыналары көрмесімен тең. Алтын адам «Қазақстан», «қазақ халқы» деген сөздің артында ұлы мәдени мұра жатқандығын айғақтайды. Және біз оны білуіміз тиіс.

МИХАИЛ ШВЫДКОЙ, РФ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ:

- «Алтын адам» және оның жанынан табылған әшекейлер мен ыдыс-аяқтардың тарихи маңыздылығы жоғары. Мәселен, Алматы маңындағы тасқа қашалған жазулар ол елді-мекеннің мыңдаған жылдар бұрын пайда болғандығын дәлелдейді. Сол себепті әр мемлекет үшін бұл қажет дүние екені сөзсіз.

Бұл мәліметтер заманауи Қазақстан аумағында скиф мәдениетінің қалай қалыптасқандығын айқындайды. Ғалымдардың айтуынша: артефактілерді зерттеу арқылы қазақ мемлекетінің түпкі тамырының пайда болуына куә болуға  болады.

ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, АРХЕОЛОГ:

 - Керемет озық мәдениет үлгісінің кейбір нышандары қазақтың мәдениетіне тікелей енгені белгілі. Бейнелеу өнеріне, басқа өнерлерге. Қазақтың тарихын 2,5 мың жылдық тарихи сабақтастықты көрсетеміз деп әкеліп отырмыз.

Қазақстанның Ұлттық мұражайы қорынан көрмеге өзге де құнды жәдігерлер қойылды. Олардың қатарында: біздің заманымызға дейінгі VII-ІІІ ғасырдағы алтыннан жасалған бұйымдар, XIX-XX ғасырдағы 170-ке жуық күмістен жасалған әйелдердің әшекейлер топтамасы бар. Мәскеудегі көрме мамыр айының ортасына дейін жалғасады. 2020 жылға дейін «Алтын адам» ТМД елдерін, Азия, Еуропа және Американы аралайды.