Молдова мен Қазақстанның ұлттық кітапханалары арасындағы ынтымақтастық - Kazakh TV

Қазақстан мен Молдованың мәдени байланыстары беки түсуде. Екі елдің Ұлттық кітапханалары ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, өзара ақпарат пен тәжірибе алмасуға әзір. Молдова Ұлттық кітапханасының негізі 185 жыл бұрын қаланған. Әлемнің 30-ға жуық тілінде жарық көрген 2,5 миллион жинақ сақталған кітапхана – Еуропаның ең көне қоймасы саналады. Тиісті құжаттар бекітілген соң қазақстандық мамандардың бай кітапханадағы мол мұрамен жұмыс істеуіне мүмкіндік ашылмақ.

ЕЛЕНА ПИНТИЛЕЙ, МОЛДОВА ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қос елдің үлкен қазына қоры арасындағы серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге дән ризамын. Бұл меморандум, ең алдымен кәсіби шеберлігімізді шыңдап, білім, кітап және ақпарат алмасуға жол салмақ.

Көне кітапханада қазақ тілінде жарық көрген еңбектер де сақталған екен. Ал мұндағы ең көне кітап – ескі грек тілінде жазылып, 1551 жылы Венецияда жарық көрген. Тарих тұнған қор ерекше күтімді қажет етеді. 

ТАТЬЯНА КУЛИНСКАЯ, КӨНЕ ЖӘНЕ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН КІТАП БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бұл бірегей кітаптар бір ғана данадан тұрады. Жеке коллекция жинақтары тағы бар. Сирек кездесетін еңбектерді күтіп баптау шаралары да ерекше. Күн көзінен, шаң тозаңнан қорғау үшін терезелер ашылмайды, себебі бұл жерге күн көзі тимеу керек. Бір қалыпты температура және электр жарығын да аса қажет болмаса көп қолданбауға тырысамыз. Мұндағы температура 20 градустан аспауы керек.

Ұлттық кітапхана мамандары қазақ елінің латын қарпіне көшіп жатқан қадамынан хабардар. 90 жылдары Молдова елі де мұндай реформаны бастан кешкен. Кітапхана басшысы Елена Пинтилей латын қарпіне көшу өз тиімділігін көрсетіп отырғанымен бөлісті.

ЕЛЕНА ПИНТИЛЕЙ, МОЛДОВА ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - 90-жылдардың басында Молдова латын графикасына көшті. Мен кітапханы саласының маманы ретінде айтар болсам, бұл дұрыс қадам елді өркениетті әлемге бастайды.

Бүгінде Еуропаның көне кітап қорында оқырмандарға онлайн-каталог қол жетімді. Қойма еуропалық  кітап қорларымен тығыз байланыста. Қазақтың рухани бай мұрасының Еуропаға насихатталуына екі ел кітапханаларының серіктестігі сеп болары сөзсіз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер