Астанаға «Жапон көктемі» келді. Елордада Күншығыс елінің әйгілі композитор әрі пианисті Кейко Мацуидің концерті өтті. 2011 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан шараның мақсаты – Жапонияны жан-жақты таныту, мәдениетін насихаттау.

Кейко Мацуи қазақ жеріне алғаш табан тіреп отыр. Өз композицияларында классика, рок, блюз, джаз сынды жанрларды шебер жымдастыратын өнер   иесі 20-дан аса таңдаулы туындысын көпшілік назарына ұсынды.  Әсіресе, маэстроның қазақ көрерменіне арнап халық әні «Япурайды» орындауы айрықша қошеметке бөледі.

КЕЙКО МАЦУИ, ПИАНИНОШЫ, КОМПОЗИТОР:

 - Концерттік бағдарламамды 27 альбомымдағы үздік шығармалармен толықтырдым. Оны арнайы қазақстандық көрерменге арнадым. Маған «Япурай» әнінің әуені өте қатты ұнады. Оның шығу тарихы да ерекше әсер етті. Сондықтан қуана орындадым. Ал Астана жайлы айтатын болсам, қаланың көрнекті жерлерін аралап шықтым. Сәулеттік сәнінен бұл мекенде ежелгі және заманауи өркениеттің тоғысқаны байқалады.

Кейко Мацуи бірнеше кинотуындыға әуезді әуен де жазған. Бір ғана «Мұхиттың көз жазы» туындысы өнер сүйер қауым тарапынан жоғары бағаға ие болды. Әлемге танымал өнер майталманының музыкасымен қауышуға асыққан көрермен қарасы өте көп болды.

ИТИРО КАВАБАТА, ҚР ЖАПОНИЯНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бұл концерттің тіршіліктің қайта түлейтін мезгілінде өтіп жатқаны аса маңызды. Себебі осы уақытта жапон көктемінің келуін тойлаймыз. Бұл кезде Қазақстанда қызғалдақтар құлпырса, Жапонияда сакура гүлдейді. Сондықтан әйгілі композитор, заманауи джаз шеберінің гастрольдік сапары Қазақстанда жалғасын тапқанына қуаныштымын.

ҚАРЛЫҒАШ ТЫНАБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 - Біздің білуіміз бойынша ол кісінің концерттеріне билеттерді алу өте қиын. Қатысу бір үлкен мәртебе. Бүгінгі кеш көтеріңкі көңіл-күй сыйлап отыр.

Елдер арасындағы  мәдени қарым-қатынастың арттыруына айрықша үлес қосып жүрген «Жапон көктемі» фестивалі енді Қырғызстан астанасы Бішкекте жалғасады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер