Елордада II халықаралық «Шашу» өнер фестивалінің жеңімпаздары марапатталды - Kazakh TV

Ерекше би билеп, тыңдарманды еліктірер әндер шырқап, домбыраның құлағында ойнаған жастар Астанада жиылды. Елордада II халықаралық «Шашу» өнер фестивалінің жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Оған жас дарындар қатысқан болатын. Би, вокал, аспаптарды жетік меңгеру, халық әндері. Үздіктер осындай аталымдар бойынша анықталды. Қатысушылар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған. Ресей мен Қырғызстаннан келген үміткерлер де бар. Олардың өнерлерін сала майталмандары мен отандық эстрада жұлдыздары бағалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, гран-при иегерлері ірі халықаралық арт-фестивальдерде өз елдерінің намысын қорғайтын болады.

ТАУЫРЖАН РАХАТ , ФЕСТИВАЛЬ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

 - Біздің жобамыздың ішінде бірнеше халықаралық фестиваль бар деп айтуға болады. Мамырдың 3-10 аралығында Түркияның Анталья және Кемер қалаларында «Internathional Art» фестивалі өтпек. Оған Беларусь, Ресей, Украина, Болгария, Македония, Германия сынды елдердің ұжымдары қатысады. Біздің жеңімпаздар да сол фестивальге аттанбақ.

ДИЛЯРА АРЫСТАНБЕКОВА, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ, /ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ/:

 - Дәстүрлі әнмен 8 жасымнан бері айналысамын. «Шашу» байқауынан бас жүлдені иелендім. Мен енді Түркияға жолдама алдым. 

Ауқымды шығармашылық байқау Қазақстан тарапының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Мақсат – түрлі елдердегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы мәдени байланыс пен достықты нығайту.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер