Ұлттық киімдерге алтын жіппен зер салу өнері - Kazakh TV

Тұрмыстық бұйымдарға зер салу қазақ даласында сақ дәуірінен бастау алған. Бүгінде алтын жіппен өрнектелген нәзік өнер жаңғырып келеді. Оған шеберлердің де үлесі зор. Айжан Әбдібаитова – қазақ хандары мен сұлтандарының киімдерін жаңғыртумен айналысып жүрген еліміздегі жалғыз шебер.

АЙЖАН ӘБДІБАИТОВА, ҚАЗАҚСТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Мына өнер не ғылыми түрде зерттелмеген, не методикалық құрал, немесе бұл мектеп ретінде бір жазылып, бұл өнер былай жасалу керек деген ешқандай дүние жоқ болды. Мүмкін сондықтан шығар бұған 30 жылдай уақыт кеткені. Өйткені там-тұмдап жинадық.     

Шебер Алматыда көрме өткізді. Ондағы мақсат – қазақтың қолөнерін кеңінен насихаттау. Жастарға, жас дизайнерлерге ою-өрнектің мағынасы мен сырын түсіндіру. 

БАЙТҰРСЫН ӨМІРБЕКОВ, СУРЕТШІ, ПРОФЕССОР:

 - Кейде біздің дизайнерлер осы ою-өрнектің мәніне, олардың символикасына немесе семантикасына көп көңіл бөлмей, алаша-киіздерде болатын оюларды киімге салып жіберіп, киімдегі ою-өрнектің бәрін сырмаққа салып жіберетін жағдайлар кездеседі.

Шара барысында суретші Айжан Әбдібаитова келушілерге арнайы шеберлік сағатын өткізіп, барқыт, парша секілді маталарға зер, оқа салуды үйретті.

РАБИҒА БАЙТӨЛЕШ, СТУДЕНТ:

 - Үйреніп жатқаныма 3-4 айдың көлемі болды. Көптеген нәрселерді үйреніп қалдым. Көптеген техникаларды, канитель, қыстырма, барлығын. Мұнда таңертеңнен кешке дейін 10 сантиметрлік жұмыстың өзі бір күнді алады ғой.

Халқымыздың қолөнерін жалғастырып келе жатқан Айжан Әбдібаитова 30 жыл ішінде 50 шеберге зер салу өнерін үйретіпті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер