«Астана» ХҚО Соты төрағасының мантиясы Англия және Уэльс Корольдік сотының музейіне табысталды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Соты төрағасының мантиясы Англия және Уэльс Корольдік сотының музейіне табысталды. Салтанатты шараға Англия және Уэльс Корольдігі аппеляциялық сотының төрағасы Сэр Кристофер Флойд, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, қаржы орталығы соты және құқықтық консультативтік кеңесінің мүшелері қатысты. Айта кетейік, Британияның ең беделді заңгерлердің бірі Лорд Гарри Кеннет Вульф осы мантия дизайнын өзі жасаған.  

ГАРРИ КЕННЕТ ВУЛЬФ, «АСТАНА» ХҚО СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Мантия Қазақстан туының түстерімен үйлеседі. Қара мантияның жиектері аспан түстес, ал шетінде алтын түспен қазақтың ұлттық ою-өрнегі бейнеленген. Ол Қазақстан судьяларының мантияларынан сәл ерекшеленеді. Бірақ біз онда Қазақстан тарихын бейнелеуге тырыстық.

САЙМОН КОКС, «АСТАНА» ХҚО ҚҰҚЫҚТЫҚ КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

 - Меніңше, бұл жаңа Сотқа деген құрмет мерекесі. Сондай-ақ Англия және Уэльс Корольдік сотының тарихына енудің керемет мүмкіндігі. Шынымен де, шара дәстүрдің құрамдас бөлігі.

Осыдан 47 жыл бұрын ағартушылық мақсатта ашылған көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған турист келеді. Енді олар «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты туралы кең мәлімет алады. Құқықтық консультативтік кеңесінің мүшесі Саймон Кокс аталмыш шараны екі ел Соттарының тарихындағы маңызды оқиға деп атап өтті.