Биыл елордалық өнер майталмандары Халықаралық театр күнін Оскар сыйлығы мәнерінде атап өтті. Кәсіби мейрамда үздік сахна саңлақтары қызыл кілеммен жүріп өтті. Кейін «Алтын шымылдық» театр сыйлығы табысталды. Өнер ұжымдарына алғаш рет тағайындалған жүлде Арқа төрінен орын тепкен бес театрдың еншісіне бұйырды. Максим Горький атындағы орыс драма театры «Жыл сөзі», «Жастар» театры «Жыл энергиясы» ал, «Наз» би театры «Жыл қимылы» номинациясы бойынша марапатталды. Ал, қазақ драма театры «Жыл көзқарасы» аталымында үздік деп танылды.

АЙБОЛАТ СЕКСЕМБАЕВ, Қ.ҚУАНЫШБАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазіргі таңда театрға келетін халық саны көп. Сонымен қатар көрермендер өте талғампаз болды. Бүгінде сапасы нашарлау қойылымдар болып қалған жағдайда оған халық келмейді. Біз көрерменді алдай алмаймыз. Көрерменнің сұранысын қанағаттандыру мақсатында бізде ой-өрісімізді, бағыт-бағдарымызды өзгертіп отыруымыз қалыпты жұмыстың бірі деп ойлаймын.

Театр қоғамның айнасы іспеттес. Сондықтан жаның кірлесе театрға бар деген нақыл ежелден айтылып келеді. Елімізде алғашқы кәсіби театр 1926 жылы шымылдығын түрді. Қазір Қазақстанда 54 кәсіби театр жұмыс істесе, оның 19-ы тәуелсіздік жылдары ашылыпты.

СЫРЫМ ҚАШҚАБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Театрға бір рет бас сұққан адам одан кетіп қалуы екіталай. Біріншіден, театр жанның рахаты ғой. Театрдағы әрбір қызметкер ол сахнадағы сахнагер ғана емес, сондай-ақ шымылдық сыртындағы әрбір қызметкер тек жалақы үшін жүрген жоқ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер