Лондонда Наурыз мерекесі аталып өтілді

Лондонда Наурыз мерекесі аталып өтілді. Іс-шараға қазақстандық судьялар қатысты. Олар Жоғарғы Сот пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының алты айлық оқу бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға келген. Лондондық Сити университетінде қазақстандық бұрыш ашылып, еліміздің салт-дәстүрі мен мәдениеті шетелдіктерге таныстырылды. Шетелдік студенттерге бауырсақ, шелпек, түрлі тәттілер үлестірілді. Олар үшін арнайы ұлттық дәм Наурыз көже әзірленді. Ұйымдастырушылар қонақтарға концерттік бағдарлама ұйымдастырып, домбыраның сүйемелдеуімен халық әндері мен күйлерін, түрлі мәдени бағдарламаларын ұсынды.

АЙЫМ ШАЯХМЕТОВА, СТУДЕНТ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМШІЛІК СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

 - Бұл мереке Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен өтті. Біздің әріптестер ұлттық тағамдарды, түрлі тәттілерді әзірледі. Мереке жоғары деңгейде өтті.

Наурыз мейрамы UCL университетінде жалғасты. Мұнда дәстүрлі түрде Орталық Азия көктемгі фестивалі атап өтілді. Іс-шара жеті жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Мұндағы мақсат – Ұлыбритания мен Орталық Азия елдерінің мәденитін өзара жақындастыру, мәдени ынтымақтастығын арттыру. Көпшілік көзайымына айналған көрме мен концертте әр ел өздерінің тарихы,  салт-дәстүрімен кеңінен таныстырды.

РАУЛЬ МАРТИНЕС, PHD СТУДЕНТ /ВЕНЕСУЕЛА/:

 - Маған Қазақ елінің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін білу қызықты. Сол үшін осы мерекеге арнайы келдім. Мен мерекеде қазақ халқына бар жақсыны тілеймін.

РОДЖЕР ХОЛЛАНД, ҚАЗАҚ-БРИТАН ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Бұл тамаша мереке. Мен үшін таңсық емес әрине, себебі мен Наурыз мерекесін үшінші рет тойлап жатырмын. Мұнда Орталық Азия елдерінен келушілер көп. Менің ойымша, бұл жалғасы үзілмеу керек тамаша дәстүр.

Фестиваль аясында түрлі ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, шеберлік сағаты ұйымдастырылды.