«Астана Операда» «Қыз жібек» музыкалық драмасы сахналанды

Ғасырға жуық жасап келетін қазақтың «Қыз Жібек» музыкалық драмасы толыққанды кәсіби операға айналды. «Алтын қорға» енген сахналық жауһар қос ғашықтың жүрек тебірентер сезімін баяндайды. Тек бұл жолы мәңгілік махаббат тақырыбы арқылы халқымыздың құндылықтарын барынша дәріптеу көзделген. Түпнұсқада бұрын соңды болмаған қазақтың ұлттық аспаптары симфониялық оркестрмен үндесе қолданылды.

Фольклорлық шығарманың заман ағымына сай музыкалық әрлеуі де өзгеше. Операда алғаш рет балалар хоры өнер көрсетті. Туынды әлемдік сұранысқа сәйкестендіріліп, диалогтары вокалдық партитураға алмастырылды. Әңгіме түріндегі жарты сағаттық қара сөздер нотаға түсірілген. Нәтижесінде кей көріністер толығып жаңаша сипатқа еніп отыр.

СҮНДЕТ БАЙҒОЖИН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Бекежанның қазіргі партиясы өте күрделі. Өйткені көптеген музыка сәл өзгертілген. Күрделі партияға жоғарғы ноталар қосылды, драмалық спектакль ғой бұл. Сол кездегі шынайы қазақ батырларының бірі. Операда ол кішкене жағымсыз адам болып көрсетілген. Бірақ мен осы операда Бекежанның адамгершілік жағын көрсеткім келді.

Сахналық көріністерге барлығы 300 адам тартылыпты. Ауқымды декорация көздің жауын алады. Ұлы дала мен көшпенді тұрмыстық салтқа көне шеберлер қаласы мен зәулім сарайлар көрінісі қосылды. Сахнада жылқылар мен түйелер пайда болды.  Мыңнан аса қару-жарақ, қамыт сайман әзірленіп, 350 костюм тігілген. Соны үлгідегі техникалық мүмкіндіктер мен 3D әсер көрерменін еріксіз орнына таңып, ғажайып күйге бөлегені сөзсіз.