Әлемдегі Әз-Наурыз нақыштары. Шетелде тұратын қазақтар көктемгі ұлық мейрамды салтанатпен қарсы алды. Ән-күймен өрнектелген көктем мейрамы Польшада атап өтілді. Ұйымдастырушылар ежелгі Краков қаласының тұрғындарына арнап мәдени бағдарлама әзірледі. Домбыра тартып, ұлттық ойын ойнатты, «Қара жорға» биледі.

АГНЕШКА СЛОМИАН, EASTERN INITIATIVE ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мен бірнеше мәрте Қазақстанда болдым. Бірақ Наурыз мейрамын көрген емеспін. Ал биыл Краковта тойланатынын естігенде, өз көзіммен көру үшін басқа қаладан арнайы келдім. Бауырсақ, палау мен Наурыз көжеден дәм таттым. Рақмет! Қазақстанды Наурыз мерекесімен құттықтаймын!

ВИСЛАВ ХАЛУХА, ҚР КРАКОВ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

 - Мен Наурыз мерекесінде барша қазақстандықтарға жақсылық тілеймін. Наурыз – жыл басы, жылдың барлық күні осындай мерекелі болсын. Мен сіздерге бақыт, сәттілік пен денсаулық тілеймін!

Краковтағы мейрамға Польшада жүрген қазақстандықтар ағылды. Көктемгі жаңару мен бірлік мерекесіне қазақ диаспорасының өкілдері, Еуропаның Прага, Вильнюс, Вена қалаларында білім алып жатқан студент жастар қатысты.

ЛЕЙЛЯ ИСАИНОВА-КЛИМАСИНСКА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - Мен Ақтөбенің тумасымын. Қазір Польшада тұрып жатқаныма 12 жыл болды. Елді қатты сағынамын. Сондықтан осы жақта Қазақстанның бір бөлшегі іспеттес осы мейрамды ұйымдастырдық. Жерлестеріме бақыт пен қуаныш тілеймін. Біз елден алыс жүрсек те, өз мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді ұмытқан емеспіз. Қазақ болғанымызға мақтанамыз! Наурыз құтты болсын!

Ал Грузия астанасы Тбилисидің тарихи орталығындағы мерекелік іс-шаралар апта бойы жалғасты. Осы елде тұратын қандастарымыз шетелдіктерге қазақтың ұлттық әдет-ғұрыптарын таныстырды. Ал қазақтың халық әндері болса, грузиндердің көп дауыспен ән айту дәстүрі бойынша орындалды.

САЛТАНАТ МҰХТАРОВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні. Сол себепті, біз осындағы қазақтардың басын қосып, жырақта жүрсек те,  мейрамды атап өтуді жөн көрдік. Мұнда Наурыз мерекесін тойлайтын халықтар жиылды. Әзербайжандар, өзбектер, қырғыздар, түркмендер және тағы басқалары. Сонымен қатар грузин халқының өкілдері келіп, ауқымды шараның куәгері болды.

Латвия астанасында да Наурыз тойланды. Ригада Еуропаның ең көне әрі ірі базары орналасқан. Мерекелік шара осы жерде ұйымдастырылды. Келген қонақтарға ұлттық киімдер таныстырылып, қолөнер бұйымдары қойылды, түрлі дәстүрлі тағамдар үлестірілді. Ұлық мерекені атап өтетін елдер арасында мәдени шаралар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Қазақстан, Татарстан, Башқұрстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Үндістан елдерінің өкілдері ән мен жырдан шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салды, салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен таныстырды. 

АННА ВЛАДОВА, РИГА ҚАЛАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Бүгінгі күннің негізгі оқиғасы – төрт сағаттық концерт. Шараға Орталық Азия елдерінің өкілдері, әншілері мен бишілері үлес қосты.

Достық фестивалінде Қазақстанның шығармашылық қойылымдары мен ұлттық тағамдары көпке танымал болды.

АЙНУРА МУТАЛЛЯПОВА, РИГАДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

- Әр қазақтың дастарқанында Наурыз көже пісірдік. Бауырсақ, самса, шелпек болды. Біз келушілерді шашу шашып қарсы алдық.

Ұйымдастырушылар көктеммен ілесе келетін Наурыз мейрамы Ригада жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынына сенімді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер