Батыр бейнесін сомдаған театр

Қазақ мәдениетінің тірі мұрасы! Бойлары екі метрден асатын жігіттер – ертегі кейіпкеріндей. Ұлан асыр жерді, ұлы даланы білектің күшімен қорғаған, түр-тұлғасы мен ақыл-ойы келіскен қазақ батырларының образы «Арлан жете» театрында жиылған.

МҮСЛІМ ЖҰМАҒАЛИЕВ, «АРЛАН ЖЕТЕ» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Нағашы жағымда небір батырлар болған, олар туралы аңыз бар, бала кезімнен оны естіп, ағаларыммен Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбеков, Едіге Тұрсынмен араласып, біразымен жұмыс істеп, осыны құру керек, көрсету керек деген ой шықты. Осындай батырлар болған деп өзіміз қазақ еліне таныстыру керек екенін түсіндік.

Театр жетекшісі Мүслім Жұмағалиев актерларды тек бойларына қарап таңдап алмапты. Талапкерлер Қазақстан тарихынан білімін көрсету үшін сынақ тапсырған екен. Дегенмен қара күштің де сынға түсетін кезі болады.

АСХАТ ХАЛИМОВ, «АРЛАН ЖЕТЕ» ҰЛТТЫҚ КИІМДЕР ТЕАТРЫНЫҢ ТОП ЖЕТЕКШІСІ:

 - Костюмдердің өздері 10 кг. Ең ауыры 30 кг.-ға жетеді. Егер бала шыдамсыз болса, ол бір күн бойы шыдамай кетіп қалады.

Қазір театрда 400-дей ұлттық киім бар. Олар сақ дәуірінен бастап қаңлы, үйсін, ғұн сияқты Қазақстан аумағындағы болған барлық мәдениетті көрсетеді.

АСХАТ ХАЛИМОВ, «АРЛАН ЖЕТЕ» ҰЛТТЫҚ КИІМДЕР ТЕАТРЫНЫҢ ТОП ЖЕТЕКШІСІ:

 - Әр костюмнің өзінің өте қызық тарихи деректері бар. Өйткені әр ғасырларда адамдар, сарбаздар, батырлар, өз руына байланысты әртүрлі әшекейлерді қоятын, қылыштарын бұйымдармен жасайтын. Енді сол қай ғасыр, қандай мағлұматтар, қызықты деректер бар соны айтып береміз.

Айта кетері, Мүслім Жұмағалиевтің ұлттық киімдеріне британ консулдығы қызығушылық танытып, сатып алуға ұсыныс жасапты. Бірақ автор оны елімізге тән тарихи жәдігер ретінде қалдыруға шешім қабылдаған. Театр қазір әлемді шарлап, қазақ батырларының кескін келбетін танытып жүр.