Қазақстанға ғашық суретші

Ұлы Даланың келбеті. Қазақстанның тұмса табиғаты суретші Решад Алиевтің шығармашылығына талай жыл арқау болып келеді. Сан қырлы, таңғаларлық, керемет. Туған жерінің көркіне ғашық суретшінің пейзаждары осындай. Решад Алиевтің қазақ топырағына арнаған еңбектері шетелдерде танымал. Автор өз шығармашылығымен Қазақстанды танытып жүргенін мақтан тұтады. 

РЕШАД АЛИЕВ, СУРЕТШІ:

 - Айналаңызға қараңызшы, тұнып тұрған суреттен қуат аласың. Мен Қазақстанның сұлу табиғатын мақтан етемін. Туристер көп келсе, осы сұлулықты әлемге танытса қандай жақсы болар еді.

Решадтың отбасы 4 мыңнан аса қырым татарымен бірге Қазақстанға 1944 жылы жер аударылады. Олар қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіріп, өмір сүріп келеді. Решад Алиев қазақтың қара домбырасынан төгілген қазақ күйлерін сүйіп тыңдайды. Ол ұлттық киім киген күйеу жігіт пен қалыңдықтың бейнесін кенепте көркем бейнелеген. Суретші қазақтың саятшылық өнерін де шығармасына арқау еткен.

РЕШАД АЛИЕВ, СУРЕТШІ:

 - Мерекелерде біздің үйде бас қосатынымыз есімде. Барлық ұлт өкілдері болатын. Өте қызық еді. Мәселен, грекше, қазақша, армянша, украинша, орысша әндер қоятынбыз. Бұл әндердің бәрі бізге таныс болғандықтан, билей жөнелетін едік.

Суретшінің картиналары сүйсіндірмей қоймайды. Кенепте бейнеленген Қазақстанның келбетін Канада, АҚШ, Ресей, Қытай және Германия азаматтарының жеке коллекцияларынан көруге болады.