«Astana Musical» - Орталық Азиядағы бірегей мюзикл театры - Kazakh TV

XX ғасырдың хиттары, қазақ композиторларының туындылары, әлемдік жауһарлар, әйгілі «The Beatles» тобының әндері мен ең үздік классикалық композициялар. «Astana Musical» ұжымының елорданың 20 жылдығына орай дайындаған гастрольдік бағдарламасы аталған туындылардың барлығын қамтиды. Дені жастардан құралған шығармашылық топ өз өнерлерімен Қазақстанның ғана емес алыс-жақын шетелдердің көрерменін де тәнті етуді көздеп отыр. Әсіресе «Ромео мен Джульетта», «Notre Damme de Paris» сияқты әйгілі мюзиклдерді тың әрі тосын интерпретацияда ұсыну арқылы  көпшіліктің көңілін жаулап алатындарына сенім мол. Сондай-ақ «Қыз Жібек», «Ер төстік» пен «Достар серті» этно-фольклорлық мюзиклдар сахналанады.

ОЛЖАС ИБРАЕВ, «ASTANA MUSICAL» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің ең алғашқы гастроліміз Алматы, Шымкент, Атырау қалаларынан басталады. Сонымен қатар Қазақстан театры үшін маңызды шара Авиньон фестиваліне қатысамыз.  Франциядағы шағын ғана  Авиньон қаласында 6-21 шілде аралығында өтетін фестивальға әлемнің әр түкпірінен 2,500-3000-ға тарта театр келеді.  Біз Орталық Азия елінен Авиньон фестиваліне қатысатын тұңғыш өнер ұжымымыз.  

Берлин, Париж, Вена, Брюссель мен Мәскеу. Елорданың ең жас театры қазірдің өзінде еуропалық көрерменнің көңілін жаулап үлгерді. «Astana Musical»  әртістері ұлттық бояуы қанық, сахналық сәні мен әні, мазмұн-мәні келіскен қойылымдарымен әлемдегі ең үздік өнер алаңдарында халқымыздың болмысы мен мәдениетін талай мәрте паш етті. Өнер ұжымының арқасында  шетел сахналарында  ұлы даланың дүбірі ойнады, әні әуелеп, күйі күмбірледі.

ОЛЖАС ИБРАЕВ, «ASTANA MUSICAL» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мұндай театрлар дүние жүзі бойынша өте аз деуге болады. Еуропада, мәселен, мюзикл коммерциялық жобаға жатады. Труппалар әртістерді   бөлек жинайды.  Балет топтары өзінше бөлек жиналады. Ал дәл біздің театрға келсек, біз Орталық Азияда кәсіби труппамен жұмыс істейтін жалғыз ұжымбыз. 

«Astana Musical» - құрамында 70 жас маман бар. Барлығы да қатаң кастингпен іріктеліп алынды. Таңдау тек таланты барларға ғана емес, өнеріне мақсат қойғыштығы мен өз-өзіне сенімділігі сай жастарға түскен. Өйткені бұл жастар бүкіл аймақтағы жаңа театрлық бағытты қалыптастырушылар болмақ. Ұжым бағындырар биіктер әлі де алда. Таяу арада «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жырының музыкалық спектакль нұсқасын сахналау жоспарда тұр. Бұдан соң Италия, Португалия мен Испания елдерінің талғампаз көрермені қазақ өнерінің жас тарландарының талантын тамашалайды.      

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер