Қостанайлық жастар қазақтың көне дәстүрі «Бастаңғыны» жаңғыртып жүр - Kazakh TV

Қостанайда қазақтың көне салт дәстүрлерін қайта жаңғырту дәстүрге айналып келеді. Жергілікті жастар «Бастаңғыда» бас қосып, әсем ән мен күй тартып, өнерлерін ортаға салды. Былтыр алғаш рет ұйымдастырылған «Бастаңғы» кешіне аңыз кейіпкері Алдар Көсе келсе, биылғы қойылым барынша шынайы өмірге жақындай түсті.

ДОС ҚҰБАШ, І.ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ РЕЖИССЕРІ:

 - Қазір көңіл көтерудің көптеген нұсқалары бар ғой. Соның ішінде біз ең мәдени түрін алып, қазақы қалжыңмен, театрланған көрініспен ұштастырып, 55 көрерменге ұсындық.

Оқиға желісі қарапайым. Наурыз күні үй иесі ақсақал мен жұбайы қонаққа кетеді. Үлкендердің жоқтығын пайдаланып, қайнысы жеңгесіне «Бастаңғы» жасайық, деп қолқа салады. Ойын-сауық одан әрі өнерлі жастардың жарасымды, әдемі әзілімен өрбиді.

ЗАҒИША ӘБДІУӘЛИ, ЗЕЙНЕТКЕР:

 - Әжелеріміз, аталарымыз бір жаққа кеткенде жеңгелеріне қайындары айтатын, «жеңеше, осындай бір қыздар бар, таныстыру керек, «Бастаңғы» жасасаң, сосын біз сол қыздармен таныссақ» деп айтатын да, соны жеңгелері құптап, асықты жілік, төсін асып, сол қыз-жігіттердің басын қосып, «Бастаңғы» жасайтын. Бұрынғы өзіміздің жас уақытымызда көрген, ағаларымыздың, жеңгелеріміздің өнегесін бүгінгі күні қайталап көрген секілді болдым.

Театрланған думан дала жастары мен кәнігі мамандарды жымдастырды. «Бастаңғыға» қатысушылар  арнайы кастинг ұйымдастырылып, әлеуметтік желі арқылы іріктелген. Сонымен қатар, көрерменнің көз алдында «жілік сындыру» сайысы өтіп, жігіттердің білек күші сынға түсті.

Ойын-сауық кешінде өзге ұлт өкілдері де өз өнерлерін ортаға салды. Ал «Бастаңғы» келешекте жалғасын таппақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер