Шығысқазақстандық шебер ұмыт бола бастаған қос бетті домбыра жасап, жаңғыртып жүр

Қос бетінен сыр төгілген домбыра. Бүгінде ұмыт бола бастаған ұлттық аспаптың бұл түрін шығысқазақстандық шебер Жанарбек Қазезұлы жаңғыртып жатыр. Ол жастайынан күй шертуді үйренген. Содан болар шебер жасаған аспаптың үні де, жалпы тұрқы да ерекше. Оның қолынан шыққан туындылар, соның ішінде балаларға арналған домбыра сұранысқа ие. «Атамұраны насихаттау – перзенттік парызым», - дейді Жанарбек Қазезұлы.

ЖАНАРБЕК ҚАЗЕЗҰЛЫ, ШЕБЕР:

 - Қазір менде домбыраның 3-4 түрі бар. Әсіресе балалар домбырасына сұраныс жоғары. Балалар домбырасы көп өтеді. Елдер көрсін деп көрмелерге қатысамын. Өскеменде бірінші болдым. Енді Семейдегі үлкен жарысқа дайындалып жатырмын.

Тәжірибелі шебер үйеңкі мен қайыңның жылдық сақиналарын дәл орнатады. Бабалар мұрасын қанына сіңірген азаматтың әр қимылы ширақ. Төл өнерге деген іңкәрлік осындай болса керек.

Осыдан алты жыл бұрын Қытайдан атамекеніне оралған Жанарбектің үш перзенті бар. Тұңғышы Бүрленің күй шерткені ерек. Ал ат ұстары Есілдің әкесіне көмектесіп, атамұрадан мирас алып қалуға тырысқанына қарап сүйсінесің. Домбыра жайлы әнді де әсерлі айтады.

Шебердің қолы ортақ. Жанарбек Қазезұлының туындыларына жерлестері үлкен баға береді. Ол үйінің жанынан шағын шеберхана салып, кәсібін нәсібіне айналдырып отыр.

ДӘУЛЕТХАН ИСЛАМХАН, ҰЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Ата мұраны жақсы жалғаған. Он саусағынан өнер тамған өнерлі азамат. Домбырасы өте әдемі жасалады. Екінің бірі домбыра жасай беретін шығар. Бұл шебердің шебері. Күй шерткен адамның домбырасы өте әдемі. Балама домбыра жасатсақ, осы азаматтан келіп аламыз.

Осылайша, берекелі отбасы қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп келеді.