Өзбекстандағы қазақ диаспорасы Наурыз мейрамын атап өтті

Өзбекстандағы қазақ диаспорасы Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті.  Кимешек киген әжелер қауымы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, мерекеге жиналған жұртқа «Наурыз көже» таратты. Ал, оңтүстіктегі көршілеріміз өздерінің дәстүрлі «Сумалак» тағамын дайындады. Бұл үрдістен бір шаңырақ астын мекендеген өзге ұлт өкілдері де қалыс қалған жоқ.

Өзбекстандықтар жалпы Ұлыстың ұлы күнін жұрт қалай күтіп алса, жыл толығымен солай өтеді, деп сенеді. Сондықтан бірін-бірі жыл басы Наурыз мейрамымен құттықтап, жақын туыстарына бағалы сыйлар тарту етеді.

АКМАЛХОН МАДИЕВ, ШЫНАЗ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Қазақстанда Өзбекстан жылының салтанатты ашылуы бұл бауырлас елдердің, тіпті біздің аудандағы көпұлтты халықтың арасындағы өзара байланысты нығайтып, ынтымақтастықты одан әрі жақсарта түсті. Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының достығы, ертеден келе жатқан рухани байланысың жаңа қарқында дамуына негіз болады деп сенемін.

Елдің Шыназ ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Отандастарымыздың саны 26 мыңнан асып жығылған. 15 қазақ мектебі бар. Бір шаңырақ астын бейбіт мекенге айналдырған жұрт Наурыз мерекесін ерекше сипатта, ертедегі өзінің төл бейнесіндей атап өтті. Әр ұлттың өз құндылықтары насихатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі дәріптелді.

БОЛҒАНАЙ АЧИЛОВА, ШЫНАЗ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Тыныштық заман болсын. Ғасырдан ғасырға келе жатқан ата-баба салты бұл. Бесікке салу, тұсаукесер деген дәстүр. Баяғы заманнан жалғасып келеді. Өзімізден кейінгі жастар, немерелер үйреніп, осылар өсіп өнсін.

Мерекелік шарада түрлі спорттық ойындар көрсетіліп, соңы өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.