Наурыз мерекесі аймақтарда тойланды

Ерте көктеммен ере келген қазақтың торқалы тойын жұртшылық ерекше қарсы алды. Ортада қазан көтеріліп, ел-жұрт Ұлыстың күнінде жасалатын ұлы астан дәм татты. Кимешек киген әжелер, бүрмелі көйлекті қыз-келіншектер даланың көркін келтірді. Келешек ұрпақтың санасына салт-дәстүрді сіңіріп, әннен шашу шашты. Қолөнер бұйымдарын жасап, құрақ құрап, ісмерлікті дәріптеді. 

МЕЙІЗ ТОҒЫЗБАЕВА:

- Бұл – тәлім-тәрбие. Жастар көрсін үйренсін, үлгі алсын. Келешекте  де бұрынғы тарихи дәстүрлеріміз жоғалмасын мәңгіге деп осындай көріністерді көрсетіп отырмыз.

«Сейіл-Қошқар Ата» көктем мерекесі соңғы рет жүз жыл бұрын тойланған. Оңтүстік өңірдегі Наурыздың дəстүрлі түрде Қошқар-ата өзенінен бастау алуы тегін емес. Ертеректе ата-бабаларымыз өзен маңына жиналып, құрбандық шалып мерекені думандатқан екен. Көненің көзі болған мереке Шымкентте осыменен үшінші жыл атап өтілуде.

КЕҢЕС ИСМАЙЛОВ,  ФЕСТИВАЛЬ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

- Негізінде тарихи Қошқар ата сейілі наурызға 10-15 күн бұрын өткен. Тау бөктерінен адамдар малдарын айдап келген. Мына жерде қара үй тіккен. Қошқар ата өзені бойында. Ана жақтан қала тұрғындары шыққан. Сөйтіп осы жерде Наурызға дайындық жүрген. Шымкентке ғана тән мереке. Бұл біздің брендіміз.

«Күш атасын танымас» деген. 70-80 келі шығатын қошқарды екі иығына салып көтерген кіл мықтылар ішінен үздіктер анықталды.

Ұлы мереке Жамбыл облысында да аталып өтілді. Алаңда асық ату, арқан тарту, кір тасын көтеру, қазақ күресі секілді қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, мереке көркі қыза түсті. Жиналған көпшілік наурыз көжеден тәм татты. Ұйымдастырушылар жиналған жастарды 11 топқа бөліп, қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетуден түрлі байқау өткізді. Осылайша, бірлік пен ізгіліктің мерекесі жастардың бойына рухани тазалық сыйлады.

ЕРМЕК ҚЫПШАҚБАЕВ, СТУДЕНТ: 

- Салт-дәстүрлердің барлықтарын жаңғыртып студенттерге соны түсіндіріп, маңызын қайндай жақсы қасиеттері бар. Соны көрсету мақсатында шара өтіп жатыр. Біздің елімізде Наурыз мереесімен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын. Осындай мереке тойлана берсін. Қазақ елі жасай берсін. Өсіп өркендей берсін.