Көктем шақырады. Би, ән, жәрмеңке мен сан түрлі мерекелік шаралар. Астананың басты алаңы – Қазақ елі монументінің жанында жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін бірге тойлауға жиылды. Шаһардың жер-жерінде киіз үйлер тігіліп, келушілерге бауырсақ пен көжеге толы кең дастарқан жайылды.

АДАЛБЕК ҚҰНАНБАЕВ:

- Наурызды ет асып, бір-бірімізбен татуласып, домбырамен, ән-күймен қарсы аламыз. Барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Жаңа күніміз әр шаңыраққа бақыт пен шаттық әкелсін. Халқымыздың достығы жылдан-жылға нығая берсін.

Наурыз – күн мен түннің теңеліп, көктем шуағын шашатын кез ғана емес, бұл – халықтың бірлігі мен ынтымақтастығының мейрамы. Ұлыстың ұлы күнін бар сән-салтанатымен тойлаған отауға береке-ырыс келеді деген наным бар. Бұл күні адамдардың бір-біріне тілеген игі тілектерінің бәрі орындалады.

АСЛАН ДҮЙСЕНБАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Барша жамағат алаңға шығып, мерекені бірге тойлап, мәз-мейрам болады. Ұлыстың ұлы күнін біз де бәрімен бірге атап өткенді жөн көреміз. Наурыз – тек қазақ халқының мерекесі ғана емес, әлемнің көптеген елінде тойланады. Менің ойымша, бұл отбасылық мейрам.

Шығыстың шырайын келтірген Наурыз мейрамы амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдау мен елімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Дәстүр бойынша бұл күні адамдар ұлттық киімдерін киіп, алаңда ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының көрмесі қанат жаяды.

ДИНАРА ГАДЖУРОВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

- Күн мен түннің теңдесу мейрамы, көктем мен жаңарудың басы – Наурыз кезінде бір-бірімізге қонаққа барып, сыйлықтар сыйлаймыз.  Біздің киіз үйімізде мұндай сыйлықтарға таңдау кең. Бәрі қолдан жасалған.

РУЗА ЕРБЕКЕЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

- Мен  түрлі  бас киімдер жасаймын. Осы көрмеге қатысуды жөн көрдім. Қазақтар үшін Наурыз - жаңа жыл. Табиғат оянып, көктемгі күн жарқырай бастайды. Қонаққа  барып, ас жасап, мерекені туған-туысқандар, дос-жаран, көрші-қолаңмен бірге қарсы аламыз. Бауырсақ, басты тағам – Наурыз көже әзірленеді.

Ұлыстың Ұлы күніне арналған мұндай шаралар еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылды. Жиналған жұрт мерекелік концерттерді тамашалап, ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарға қатысып, бақ сынады. Елордамыз Астанада биыл негізгі мерекелік шаралар ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағындағы этноауылда ұйымдастырылып отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер