Маңғыстаулық шебер гипстен ерекше ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды - Kazakh TV

Маңғыстаулық Данияр Мұрзабеков гипстан ұлттық нақыштағы мүсіндер мен кәдесыйларды жасаумен айналысады. Жас шебер күніне 30 дана бұйым жасап, оны саудаға шығарып жүр. Шағын цехты микроқаржы ұйымынан алған несиеге ашыпты. Даниярдың мамандығы – теңізші. Ал мүсін өнері теңіз капитаны көмекшісінің бала күнгі арманы екен.

ДАНИЯР МҰРЗАБЕКОВ, ШЕБЕР:

 - Бетоннан бастағым келді. Бірақ, бетоннан бастаған өте қиын деп айтты. Сол үшін мен гипстен бастадым. Бұйырса, болашақта бетоннан полиферриннен, әртүрлі материалдан істейміз. Ең бастысы, қалыпты құюды үйрендік.

Бұл мүсіндер алдымен ермексаздан жасалған. Содан соң сыртына силикон жағылып, бірнеше күнде қатады да қалыпқа айналады. Қалып ішіне гипс құйылып, кептірілген бұйым беті егеуқұм қағазымен сүртіледі. Содан соң сырлауға жіберіледі.

НҰРДӘУЛЕТ ҚАНАБАЕВ, ҚҰРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің міндетім – осы копилкаларды әдемілеп сырлау. Басында қорқыныш болды, әрине. Бірақ, қолыммен істегеннен кейін үйренуге болады екен.

Жас  шебер осы жылы жергілікті өндірістік мекеме өткізген байқауға қатысып, 3 млн теңгенің грантын жеңіп алды. Ендігі мақсат– берік материалдан биіктігі жарты метрлік қасқыр, бүркіт, алабай ит секілді алып мүсіндерді жасау.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер