Қостанайда қолмен тоқылған кілемдердің көрмесі өтті

Тоқыма ісі тоқыраудан шығып келеді. Қостанайдағы тарихи-өлкетану музейінде XIX-XX ғасырларда қолмен тоқылған кілемдердің көрмесі өтті. Сонымен қатар, ғасырлар қойнауынан шыққан қазақ кілемінің жасалу жолдары мен әдістері көпшілікке көрсетіліп, арнайы мастер класс ұйымдастырылды. Кілем тоқу – Азия, Еуропа, Кавказ халықтарына ежелден белгілі қолөнер түрі. Бір кездері шаңырақтың шырайын ашқан кілем, керегеден түсіп қалса да керегімізге жарап-ақ тұр. Атадан балаға жеткен көне мұраның тоқылуы ұмытылған емес. Оған ою-өрнек салудың да өз мағынасы бар. Осы ретте Қостанай музейінде өткен шараға тоқыма өнерінің хас шеберлері шақырылып, жастарға жүн сабау- түту, ұршық иіру секілді әдіс-тәсілдер көрсетілді.

НАЗИМА ОТАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 -  Кілем тоқу кезінде өзіндік дәстүрлері де бар. Мысалы, кілем тоқу барысында кілемшілер өздері бір жіпті орап, баладан беріп жібереді. Ол анасына апарып береді. Ол кісілер мысалы түсінеді екен. Анау үйде кілем тоқып жатыр, ендеше ол үйдегі қыз-келіншектерге тамақ әзірлеп, апару керек.