Қазақстандық Айман Сағатованың Ұлыбританиядағы қайталанбас бұйымдары

Көшпенді мәдениетінің символы: әшекейлер мен аң стиліндегі бейнелер. Осындай жарқын әрі ерекше қазақ мотивтер Ұлыбританияда тұратын Айман Сағатованың жұмыстарында көрініс тапқан. Ол шеберханасында отырып-ақ, түрлі сөмкелер, әмияндар, белдіктер, қол сөмке мен білезік сынды түрлі заттарды жасайды. Шебер тек тері бұйымдарын өңдеумен айналыспайды, ағаш, жүн, металмен де жұмыс істейді.

АЙМАН САҒАТОВА, ТЕРІ БҰЙЫМДАРЫН ЖАСАЙТЫН ШЕБЕР:

 - Мен бір белдікті сатып едім, тағы біреуіне тапсырыс түсті. Осылайша тапсырыстар көбейе берді. Осылайша қолөнер бұйымдарымды сату арқылы құрал-жабдықтарымды түгендеп алдым.

Айман өзінің қайталанбас бұйымдарын интернет арқылы жарнамалайды. Мұндағы әр бұйымда шебердің өз қолтаңбасы бар, содан болар олар ерекшелігімен, бірегейлігімен құнды. Оның қолөнер бұйымдарын Ресей, АҚШ, Австралия, Канададан сатып алушылар көп. Айманның қолынан шыққан туындылар бүгінде әлемге танымал.

АЙМАН САҒАТОВА, ТЕРІ БҰЙЫМДАРЫН ЖАСАЙТЫН ШЕБЕР:

 - Жергілікті тұрғындар менің бұйымдарымды көрген кезде Түркия немесе Ауғанстанның қолөнеріне ұқсатады. Ешкім бірден қазақ елінің қолтаңбасы деп айтқан емес. Содан бері мен өз бұйымдарымда қазақ халқының арғы-бергі тынысын таныстырамын. Адамдар сонда ерекше таңданыс білдіріп, жаңа бір әлеммен танысқандай күй кешеді.

Айман Сағатова осы жеткенімен тоқтап қалмақ  емес. Ол кәсібін дөңгелету үшін үнемі талпыныс үстінде жүреді. Білсем, үйренсем, тың дүние жасап шығарсам деген ұмтылысы ерекше. Бүгінде графика мен гравюра өнерін зерттеп жүр. Шебер шығармашылыққа үлкен ізденіс керек дейді. Ол өз туындылары арқылы қазақтың бай мәдениеті мен мұрасын, таным-тарихын, салт- дәстүрін әлемге кеңінен насихаттамақ ниетте.