Түрлі кезеңдер мен әр қилы жанрдағы фортепианаға арналған музыка бір бағдарламада тоғысты. «Астана Опера» тетрында танымал қазақстандық пианист Данияр Есімхановтың жеке концерті өтті. Саусағынан саз төгілген отандасымыз талай құрлықты асып, кіл дарындар қатысқан бәсекелі бәйгелерде еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Әлемнің үлкен сахналарында берген жеке концерттерімен сала майталмандарын таңқалдырып келеді. Кеште ұлы композиторлардың атақты шығармалары орындалды. Өнер сүйер қауым назарына Бетховеннің «Үлкен патетикалық сонатасы», Шуманның «Веналық карнавалы» мен Дебюсидің «Эстампалары» сынды классикалық музыка жауһарлары ұсынылды. Әлемлік музыка тарихында сүбелі үлесі мол әрбір туындының өзіне тән әуен ырғағы бар,  орындалуы да ерекше. Күйсандықтың құлағында ойнаған шебер өнерпаз тыңдарман көңілін баурай білді.

ДАНИЯР ЕСІМХАНОВ, ПИАНИСТ:

 - Мен екі мыңыншы жылдардан сахна төріне жиі шығып жүрмін. Тұрақты концерттер беріп тұрамын. Осы уақыт аралығында халықтың классикалық музыкаға деген қызығушылығы қарқынды түрде артып келетінін байқадым. Жылдан-жылға тыңдармандар саны еселеніп, көрерменнің өнер мәдениетіне бейімделіп қалғаны көрініп-ақ тұр. Бұл мені қуантпай қоймайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер